Қазақ Республикасын құру жөніндегі Декретке – 100 жыл
Біздің ел Кеңестер билігі астында 71 жыл өмір сүрді. Осы жылдарда шыңға да шықтық, құзға да құлдырадық, ақыры, сонша уақыт ішінде бастан кешкен барша жеңістеріміз бен жеңілістеріміздің, әсіресе алапат ашаршылыққа ұшырап, шыбынша қырылуымыздың өтеуіне, тәуелсіздік туын көтеруге мүмкіндік алдық. Халқымызды осынау дербес, тәуелсіз ел болу сынды ғажайып мүмкіндіктің қиын-қыстауы да, қайғы-қасіреті де, бақыт-шаттығы да мол болған ұзақ жолына бұдан жүз жыл бұрын түсірген – совет өкіметінің басты басшы органдары ВЦИК – Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен СНК – Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920 жылғы 26 тамызда шығарған құжаты еді. Кеңестік қазақ мемлекеттігінің туған күнін шегелеп көрсеткен тарихи қаулы – Автономиялы Киргиз (яғни Қазақ) Социалистік Советтік Республикасын құру туралы Декрет болатын.
Қазақ Республикасының туын тігуге мұрсат арнайы Декретпен большевизм биігінен берілген. Тиісінше бұл мемлекеттік бірлік жоғарыдан көзделгендей, таптық негізде құрылды. Күштінің құқымен өмір сүруін тоқтатуға мәжбүр болған Алаш автономиясының қайраткерлері осы таптық мемлекеттік бірлікке қызмет етті. Неоимперия билігінің рұқсатымен құрылып жатқан республика ауқымында аңсаған елдік мүдделеріне қол жеткізуге күш-жігерлерін жұмсады. Сөйтіп, құрылысына солар да белсене атсалысқан Қазақ Республикасы тап туымен Совет өкіметінің қоластында даму бағытымен жүрді. Терістік-батыс өңірлерде Ресей Федерациясындағы Автономия ретінде бастаған елдік тіршілігін жер-суы мен халқын 1925 жылы бір шаңырақ астына жинап, байырғы «қазақ» атын өзіне ресми түрде қайтара отырып жалғастырды.
Бірақ іргесін кеңейтсе де, Қазреспублика сол қалыпта бейбіт өркендеу жолына түсе алмады. Мәскеу берген басшының жетегімен ауылдарда «шағын революция» өрті тұтатылып, таптық сына қағылды. Сөйтіп ішкі әлеуметтік араздықтар қолдап өршітілді. Көп ұзамай, 30-шы жылдары, орталық өңірлердегі революциялық өзгерістерден қалмауға тырысып, қуыршақ республикаға тән құлдық санамен солақай реформалар жүргізілді. Қуыршақ республикадағы әскери күштер келеңсіз тәркілеу мен жүйесіз салықтарға қарсылық білдірген көтерілісшілерді жуасытып, бағындырды. Қуыршақ республика қайраткерлері Орталыққа көзсіз емінуі салдарынан ел ішінде іс жүзінде жасанды ашаршылық саясаты өрістеді. Республика басшылығы жер-жерден түскен аштықтың алғашқы дабылдарына көз жұма қарады. Содан халқының жартысына жуығы қырылған ұлттық апатты бастан кешті. Ел аумағында концентрациялық лагерьлер ашылуын, оларда жан-жақтан тоғытылған тұтқындардың күшімен казармалық социализм тәжірибелері жасалуын мүмкін етті.
Ақыры қасіретті кезең де артта қалып, Қазақ Республикасының жаңа басшылығы өлкедегі халықтың ашаршылықтан аман қалған бөлігін мәдениет революциясын жасаумен серпілтті. Кеңестік құрылыс аясында мектептер көбейді, жоғары оқу орындары ашылды, өнерпаздарға көңіл бөлінді, байқаулар өткізілді. Ұлттық өнер құдіретінің 1936 жылы арнайы өткізілген декада барысында Мәскеуді дүр сілкіндіруі республикамыздың автономиялық мәртебеден жоғарылап, одаққұрушы «тәуелсіз мемлекеттер» қатарына кіруін мүмкін етті. Осы ұлы оқиғаның артынша Үлкен террор басталды. Жұрт жаппай саяси қуғын-сүргінге түсірілді. Одан халқымыз ортақ отан болып тұрған советтік империяның екінші дүниежүзілік соғыста шеккен қасіретін бірге бастан кешіп, қаһармандықтың үздік үлгілерін көрсетті. Республика мал-жанын «қоңыр індетке» қарсы майданға жұмылдырып, соғысқа жұртының бір ширегіне жуық азаматын аттандырды. Оның төрттен үш бөлігі Еуропаны азат ету және басқыншылар ордасын алу жолында құрбан болды. Жеңіске тәубе етіп, соғыс ауыртпалықтарынан халық енді еңсе көтере бергенде, 50-ші жылдары, қазақ жеріне «тың көтереміз» деген тәтті ұранмен империяның еуропалық бөлігінен бақ іздеушілер нөпірі төгілді. Соның салдарынан Ұлы Дала жаңаша отарланды. Қазақ өз Республикасында елін мекен етуге келгендер есебінен жаңаша құралған халықтың үштен біріне де жетпейтін, бар болғаны 29 пайызын құраған ұлттық азшылыққа айналды. Алайда ұлттық рух қуаты жұртымызды алға жетелей берді. 60-шы, 70-ші жылдарғы бейбіт өмірде демографиялық дүмпу үдерісі орын алды. Сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Оқыды, жетілді. Бірақ ұлттық мүдделері толық қанағаттандырылмай, шектеу көріп тұрды. Мұны алдымен жастар өткір сезініп, наразылық танытты. Орталықтың өктем озбырлығы мүлдем шектен шыққанда, бейбіт ереуілді саяси көтеріліске ұластырды. Қатаң тоталитарлық құрсау осылай шытынап, кеңестік империяның өзге өңірлерінде де туған бұлқыныстар нәтижесінде мүлдем қаусады. Сөйтіп халқымыздың алты мүшелге жуық бұралаңды жолы, ақыры, аңсаулы егемен елдікке алып келді…
Демек қызыл империя ішінде жетпіс бір жыл бойы туын жықпаған біздің кеңестік республика шын егемендіктің, мемлекеттік тәуелсіздіктің ізашары болды. Сондықтан да оның туған күнін биылғы бір ғасырлық дөңгелек датасында айрықша еске алғанымыз жөн. Өткен жолымызды саралап, аға ұрпақтың әр кезеңдегі даму сатыларында атқарған істерін таразылау, әділ бағалау абзал. Ал қызыл жалаулы Советтік Қазақ Республикасын дүниеге әкелген сонау 1920 жылғы құжатқа Бүкілресейлік ақсақал – ВЦИК төрағасы Михаил Иванович Калинин мен Кеңестік үкіметбасы – Совнарком төрағасы Владимир Ильич Ленин қол қойған еді. Біздің Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекетіміздің бастауына айналған осы Декреттің жарық көргеніне биыл 100 жыл толады.
Аз-кем шегініс жасайық. Барлық тарихи өзгерістердің көзі күлліресей жеке-дара билеушісінің тақтан түсуі болғаны баршаға белгілі. Болашақ мемлекеттік құрылым түрі Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыста анықталып, белгіленеді деген үміт көзі ашық қауым алдында жарқырап жанып тұрды. Мемлекеттік думаның Комитеті құрған Уақытша үкімет Ресей Империясының орнына Ресей Республикасы орнағанын жариялады. Бірақ билікті большевиктер басып алды да, өкіметті түгелдей Советтерге беру ұранын көтерді. Өздері ұсынған мемлекеттің құрылым жайындағы жобаны қабыл алмағандықтан, 1918 жылғы 5 қаңтарда ашылған Құрылтайшы жиналысты бірінші жұмыс күнінің соңында-ақ тарқатып қуып жіберді. Уақыт өткен сайын Кеңестердің жер-жерде күшейіп бара жатқаны аныққа айналды. Сонда Бүкілқазақтық «Алашорда» Ұлт Кеңесі Ресей Халық Комиссарлары Кеңесімен тікелей келіссөз жүргізуді мақұл көрді.
Жаһанша Досмұхамедов бастаған Алашорда делегациясы Предсовнарком Ленинге, Наркомнац Сталинге қазақ автономиясының жайын баяндады. Болашақ қызметтестік жобасына байланысты жүргізген келіссөзде жақсы нәтижеге қол жеткізілді. 1918 жылғы сәуірдің басында Совет үкіметі Алашорда делегациясына қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және таяу мезгілде қазақ автономиясын жария етуге уәде берді. Бірақ артынша-ақ Алашорданы совет ниетіне жат ұйым деп қорытты. Сөйтті де, Халкомкеңестегі келіссөзде Досмұхамедов делегациясына – тікелей, Семейдегі орталық Алашорда басшыларына – төте желі арқылы берген уәдесін тәрк етіп, құрған жоспарын оларсыз, кеңестік негізде орындауға кірісті. 1918 жылғы сәуірде жер-жердегі Советтерге Кеңес өкіметінің кезекті міндеті жөнінде Ұлт істері жөніндегі халкомат атынан жариялаған үндеуінде Иосиф Виссарионович Сталин «Қазақ территориясының автономиясын жариялау жобалануда» деп атап көрсетті.
Революцияшыл қазақтардың көрнекті өкілі Әліби Жангелдин болғаны баршаға мәлім. Ол 1917 жылғы көктемде Петроградтағы жаңа өкімет мінберінен қырдағы қылмыс жайында дабыл қақты. Патша өкіметінің келмеске кеткеніне қарамастан, қазақ даласында ескі биліктің жазалаушы жасақтары қанды ойнақ салып жүргенін, әлі күнгі халықты жуасыту шараларын тоқтатпағанын әшкереледі. Сол жылдың жазында Жангелдин Петросоветтің өкілі ретінде Торғай даласында үгіт-насихатпен айналысқан. Сонысы үшін Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Әлихан Бөкейхановтың әмірімен түрмеге түсіп, Петросовет араласқан соң ғана босатылған. Қазан төңкерісінен кейін Торғай облысының комиссары ретінде Орынборды ақтардан азат етуге қатысқан. 1918 жылғы наурызда Орынборда Торғай облысы Кеңестерінің съезін өткізген де, съездің Совет өкіметі идеяларын толығымен қолдап, басшылыққа алғаны жайында Халкомкеңеске баянхат жөнелткен. Көп кешікпей Мәскеуге өзі барып, үкімет басшыларымен кездесті, олар Торғай Кеңестері съезінің қаулыларын түгелдей мақұлдады. Ақылдаса келе, Жанша Досмұхамедов басқарған алашордашылар делегациясына уағда етілген қазақ комиссариатына жаңаша түр беріп, Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының жанынан Қазақ бөлімін ашуға келісісті. 1918 жылғы 11 мамырда тиісті қаулы шықты. Жангелдиннің ұсынысы бойынша бөлім бастығы болып, совет идеяларын бірден қабыл алған, Жангелдиннің сенімді көмекшісіне айналған, Торғай съезінде облаткомның жауапты лауазымына сайланған ескі режим интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұнғашин тағайындалды.
Комиссариаттың Тұнғашин басқарған Қазақ бөліміне күрделі де жауапты міндеттер жүктелді. Ақтардан азат етілген батыс аудандарда жергілікті Кеңестерді ұйымдастыру, совет өкіметі алаулатқан Қазан революциясының идеяларын үгітшілер мен баспасөз арқылы майданға шектес және ақтар билеп тұрған Жайық сырты даласындағы аудандарда насихаттау, шаруашылық мәселелерімен қатар ұлттық әскери бөлімдер құрумен шұғылдану мәселелері ұдайы күн тәртібінде болды. Кездесіп тұрған түрлі қиындықтарға қарамастан, Қазақ бөлімі осы міндеттердің орындалуына әрдайым қол жеткізіп тұрды. Бөлімнің негізгі жұмысы Бөкей ордасында жүргізілді. Петроградтан сатып алынған баспахана 1918 жылдың соңына қарай Ордаға орналастырылды. Баспаханада 10–15 мың данамен қазақ тілінде тарайтын «Дұрыстық жолы» газеті, кітапшалар, түрлі саяси әдебиет, үгіт-насихат материалдары шығарылып тұрды. 1919 жылдың басынан Наркомнацтың осы Қазақ бөлімі Бүкілқазақ съезін шақыру және Қазақ даласының Советтік автономиясын жариялау ісіне дайындық жасауға кірісті.
1919 жылғы 4 сәуірде ВЦИК: «Қазақ істері бойынша комиссар ж. Тұнғашиннің сұраухатына жауап ретінде Бүкілқазақ съезін Орынбор қаласына шақыруға рұқсат етілсін», – деп қаулы алды. Соған сәйкес 5 сәуірде Наркомнац бастамашы топ құрамын бекітті. Бастамашы топтың 1919 жылғы 25 сәуірде Ордада өткізген алғашқы мәжілісінің қаулысында: «Съездің бағдарламасын және халыққа үндеу жазуды жж. Лукашев, Қаратаев, Счетчиков, Шомбаловқа тапсырылсын», – деп көрсетілді. 26 сәуірде өткен екінші мәжілісте болашақ автономиялық республиканың аумағы мен шекарасы, сайлау өткізуді ұйымдастыру, мемлекеттік герб пен конституция жобасын жасауға конкурс жариялау мәселелері қаралды. 28 сәуірде өткен үшінші мәжілісте болашақ Бүкілқазақ съезінің күн тәртібі қаралып, бекітілді. Сондай-ақ осы отырыста «жж. Қаратаев пен Счетчиков жазған үндеу толығымен қабыл алынсын» деп шешілді. Бастамашы топтың төртінші, қорытынды мәжілісінде съезге делегаттар сайлау принциптері мен тәртібі талқыланды. Бүкілқазақ съезі «1919 ж. жаңа стиль бойынша маусымның бастапқы күндерінде Орынбор қаласында, егер Орынборда өткізуге мүмкіндік болмаса, онда Орал, Хан ордасы немесе Ақтөбеде шақырылады» деп ұйғарылды. Қазақ халқына таратылған үндеуде: «Саған қазір бұрын орындалмайтындай көрінген аңсаулы арманыңды жүзеге асыру мүмкіндігі берілді, саған қазір өзіңнің құқықтық дербестігіңді алу мүмкіндігі берілді!» – деп жоғары леппен хабарланды да, өлке жұртшылығын: «Қазақ бауырлар! Съезге жігерлене дайындалыңдар! Өздеріңнің толық сенімдеріңе кірген өкілдерді делегаттыққа сайлаңдар…» – деп шақырды.
РКФСР Ұлт істері жөніндегі халкоматының Қазақ бөлімі Қазақтың Советтік Автономиясын жариялауға дайындық жұмыстарын азамат соғысы уақытындағы күрделі жағдайда, ерекше тиянақтылықпен жүргізді. Дегенмен майдандарда туған жаңа қиындықтарға байланысты, көзделген съезд жобаланған уақытқа шақырылмады. Қалыптасқан ахуал қилы шиеленіске толы алып өлкені ұйыстырудың өтпелі түрлерін ойластыруды, жалпы, барынша байыппен, өте елеулі дайындық жұмыстарын жүргізуді талап етті. 1919 жылғы мамырда Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қазақ Совет автономиясын құру мәселесі бойынша әуелі И.В. Сталиннің, одан В.И. Лениннің, сосын тағы да Сталиннің қабылдауында болып, ағымдағы жағдайдан туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде ақылдасты. Ертеңіне Сталиннің басшылығымен Ұлт істері халкоматының отырысы өтті. Сол мәжілісте өлкені басқаратын әскери-революциялық комитет құру және оның ережесін жасау жайында маңызды шешім қабылданды. Мамыр – маусым айларында Қазақ революциялық комитетін құрудың әртүрлі қырларын пысықтауды көздеген бірқатар комиссия жұмыс істеді. Құрылмақ Қазревкомның Ережесін жасауға Наркомнацтың Қазақ бөлімі тікелей қатысты. Ұлт істері жөніндегі халкомат комиссиясы жасаған жоба 1919 ж. 25 маусымда Ұлт істері, Ішкі істер, Жер-су, Сыртқы істер халкоматтарының, Бүкілресей Бас штабы мен Түркістан Республикасының өкілдерінен құралған ведомствоаралық комиссияда қазақ делегациясының (Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұнғашин, Құсайын Бекентаев, Байқадам Қаралдин) қатысуымен қаралды. Қазақ өлкесін басқаратын Революциялық комитет туралы уақытша ереже 1919 жылғы 10 шілдеде Предсовнарком В.И. Лениннің төрағалығымен өткен РКФСР Халкомкеңесінің қаулысымен бекітілді де, сол күні Ленин Қазревкомды құру туралы Декретке қол қойды. Бұл оқиғаны өлкедегі жергілікті басқару органдары мен бұқара советтік автономияның басы ретінде қабылдады. Шынында да бұл құжат Қазақ Республикасын ұйымдастырудағы алғашқы қадам еді.
Қазревком жайындағы осы Ереже бойынша баршаға ортақ қазақ съезі мүмкіндігінше көпке созбай шақырылғанға дейін, сөйтіп сонда Қазақ өлкесінің автономиясы жарияланғанға дейін өлкені басқаратын Революциялық комитет тағайындалды. Өлкені басқарудағы жоғарғы әскери-азаматтық билік осы Комитеттің қолына шоғырландырылды. Ресей республикасының орталық өкіметі Ревкомның алғашқы құрамына жеті адамды бекітті. Қазревком төрағасы – Станислав Пестковский, мүшелері – Әліби Жангелдин, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Ахмет Байтұрсынов, Әбдірахман Әйтиев болды. (Әділін айту керек, төрағалыққа кеңестік билік өкілі, ұлт комиссары Сталин комитеттегі қазақ мүшелердің бірін, атап айтқанда Жангелдинді ұсынған, алайда қазақтар ұлттық мүддені ішкі алауыздыққа жығып беріп, қазақ ісін басқаратын адамды үкіметтің өз ішінен ұсынуын табандылықпен қалап отырып алған). Бұл құрамға ел ішіндегі белсенді қызметкерлерді Ревком мүшесі құқтарымен қосуға (кооптация жасауға) Қазревком қақылы болды. Ережеде Қазақ өлкесінің территориясы Түркістан республикасының, Қазақ съезінің және орталық Совет өкіметінің келісімімен анықталады делініп, оған дейін Ревкомның қарауына Астрахан губерниясындағы қазақ территориясы, Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары кіретіні атап көрсетілді. Революциялық комитеттің ұйымдастырылуына байланысты Наркомнацтың Қазақ бөлімі таратылатын және оның орнына ВЦИК жанынан Қазақ өлкесінің үш адамнан тұратын өкілдігі ашылады делінді. Қазақ өлкесінің жалпы съезін шақыру үшін Қазақ бөлімі құрған Бөкей ордасындағы Комиссияның орнына Қазревкомның жанынан сол міндеттерді атқаратын бөлім ашылатын болды. Ережеде барлық атқарылуға тиіс мәселе 19 тармаққа бөлініп, нақтылана тұжырымдалды.
Қазревкомның тұрақты жұмыс орны Орынборда болады деп белгіленді. 1919 жылғы 7 тамызда ревком төрағасы Пестковский партияның Орталық комитетіне, Халкомкеңеске, Наркомнацға, Наркомнацтың Қазақ бөліміне жеделхат салып, Қазревкомның Орынборға келіп жеткенін хабарлады. РК(б)П Орынбор губерниялық комитеті қаладағы жақсы ғимараттардың бірін (Совет көшесі, 10) Қазревкомға арнап босатып, ревкомның ұйымдық тұрғыда қысқа мерзім ішінде қалыптасуына көмек көрсетті. Алғашқы кезде Қазревкомның аппаратында тек мүшелері мен бірлі-жарым жергілікті интеллигенттерден тартылған қызметкерлер істеді де, күш-жігер негізінен жергілікті ревкомдармен, Орал, Орынбор басшы органдарымен байланыс орнатуға және Ережеге сай қызмет жүргізуге қабілеті жететін аппарат жасақтауға жұмсалды. 1919 жылғы қыркүйектің басында бөлімдер ұйымдастырылды. Қазревкомның 12 қыркүйектегі отырысында алғашқы сайлаулар өткізіліп, ашық дауыспен ревком төрағасының орынбасары, әскери комиссар, ішкі істер, қаржы-шаруашылық, халық ағарту, азық-түлік және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің меңгерушілері сайланды. Кейінірек заң, жер өңдеу, денсаулық сақтау, еңбек, совнархоз (кеңестік халық шаруашылығы), ақпарат, полиграфия бөлімдері, жалпы кеңсе, тергеу комиссиясы, өлкелік әскери трибунал, жұмысшы-шаруа инспекциясының өлкелік комиссариаты құрылды. Қазревкомның аппаратын құрайтын осы мекемелердің барлығында 1919 жылдың соңына қарай 138 қызметкер істеді.
Революциялық комитетке, оның басшылығы мен мүшелеріне өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін кең көлемдегі өкілеттілік берілді. Бұған мысал ретінде Қазревком жайын (ғалымдар С. Дәулетова, М. Исмағұловпен бірге) терең зерттеген академик Салық Зиманов «Казахский революционный комитет» («Қазақ революциялық комитеті») атты монографиясында 1919 жылғы 23 қарашада С. Меңдешевке берілген мандаттың мазмұнын келтіреді. Онда ревком төрағасының орынбасары Сейітқали Меңдешевтің өкілеттіктері: «Қазақ өлкесіндегі Әскериревком бөлімдері мен барлық советтік мекемелердің қандай да болмасын шешімдерін бұзуға және растауға, …лауазымды тұлғалардың қай-қайсысын да қызметтен алуға», сондай-ақ Әскериревкомның кредиттері мен қаржы-қаражатына қожайындық жасауға, әскери жеделхаттар жолдап, төте желіні пайдалануға қақылы екені айтылған. Жалпы, азамат соғысы кезіндегі барлық революциялық комитеттер тәрізді, қажет болған жағдайда және, әрине, қаулылары мен бұйрықтары орындалмаған шақтарда, Қазревком да әскери-әкімшілік тәсілдермен әрекет етті. Сөйтіп облыстардағы халық шаруашылығын, мәдени-әлеуметтік және саяси-әкімшілік тыныс-тіршілікті тікелей де, облревкомдар, облаткомдар арқылы да басқаруды жүзеге асырды. Жергілікті Советтерді нығайту, оларды сайлау және қайта сайлау шараларын ұйымдастырды. Кеңес билігінің іргесін кеңейте түсуді қамтамасыз етті. Ресейдің көрші облыстарының қарауындағы қазақ жерлерін біріктіру жөнінде елеулі жұмыстар атқарды (мәселен, Сібір ревкомы қарамағындағы Челябинск аудандық басқармасының құзырына берілген Қостанай үйезін Қазақ өлкесі ревкомының қарамағына қайтару жайында Ахмет Байтұрсынов егжей-тегжейлі баяндама жасады, 1919 жылғы 13 қыркүйекте үш адреске – ВЦИК-ке, Ленинге және Қазақ өкілдігінің басшысы Құсайын Бекентаевқа Қазревком атынан жеделхат жолданды, ал 16 қыркүйекте баяндаманың өзі табыс етілді). Алашорданың одақтастары қызылдардан жеңіліп бара жатқанына қарамастан, беріспей, тарамай тұрған дербес құрылым Батыс Алашордамен келіссөздер жүргізді. Бөлімшенің күллі әскерімен, қару-жарағымен, мүлкімен кеңес өкіметі жағына шығуына қол жеткізіп, 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алашорданы мемлекеттік орган ретінде мүлдем жойды.
Ревкомның бірден қолға алған шаруасы – Бүкілқазақ съезін шақыру мәселесін тиянақтау болатын. Бұл ретте ол Наркомнацтың Қазақ бөлімі жүргізген жұмыстарды жалғастырды. 1919 жылғы 15 қыркүйекте Ерекше комиссия құрып, оған съезді шақыру жөнінде нұсқаулық әзірлеуді тапсырды. Комиссия бірінші кезекте Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне делегаттар сайлау тәртібін жасаумен шұғылданды. Үйездерде Совет өкіметін құратын уақытша ревкомдар тағайындауға өкілеттілік беріп, өкілдерін жер-жерге іссапарға аттандырды. 1919 жылғы 17 желтоқсаннан «Ұшқын» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетін шығара бастады. Қазревкомның хабаршысын («Известия Киргизского военревкома»), қазақ тілінде түрлі саяси-көпшілік әдебиетті, оқу құралдарын, парақшалар мен үндеулер шығаруды жолға қойды. 1919 жылғы желтоқсанда ВЦИК Башқұртстан, Татарстан, Қазақстан істері бойынша мәжіліс өткізді. Басқа мәселелер қатарында Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қарап, түбегейлі шешімін табуды ВЦИК-тің әкімшілік комиссиясына тапсырды. Әкімшілік комиссиядағы даулы талқылауларға қатыса келе, Қазревком 1920 жылғы 16 мамырда «Қазақ республикасының шекарасын айқындау жөніндегі комиссия туралы» арнайы мәселе қарады. Комиссияның Қазревкомның үш мүшесінен тұратын құрамын, шешуге тиіс міндеттерін белгіледі. Комиссияға «Қазақ республикасы аумағына …кіргізілуі тиіс аумақтарды айқындау; болашақ республиканың шекараларын дәл белгілеу және РКСФР Халкомкеңесіне ұсыныс, Кеңестердің Бүкілқазақтық съезіне баяндама беру үшін жоба әзірлеу; Қазақ өлкесінің шекараларына байланысты туындайтын барлық даулы сұрақтар бойынша қорытындылар әзірлеу және тапсыру; республиканың ішкі әкімшілік бөлінісінің жобасын жасау» тапсырылды. 20 мамырда «Жалпықазақ съезі туралы» мәселені талқылай келе, «Алашорданың бұрынғы қызметкерлерін пайдалану жөнінде» ұсыныс әзірлеуді, «өлке шекарасын белгілеу жайындағы комиссияның» жұмысын ұйымдастыруды нақты адамдарға тапсырды. Орал губерниясының Қазақ өлкесі құрамынан бөлінуі туралы туындаған мәселе бойынша Қазревком табанды түрде Орал губревкомымен мақсаткерлік байланысын жандандырды. Ақмола, Семей облыстарын да Қазақ өлкесіне қосу мәселесінде 1920 жылғы шілдеде қиыншылықтар ұшырасты. Қазревкомның саяси комиссиясы Омбы, Семей, Ақмолада жүргізген жұмыстар, Сібір ревкомымен келіссөздер оң нәтиже бермеді. Осы шамада Сібревкомның әкімшілік бағынысындағы Петропавл, Көкшетау, Омбы үйездері қайда қарайтынын шешу үшін Қазревком ВЦИК-тің Әкімшілік комиссиясына өтініш түсірді. Сондай-ақ Қазревком солтүстіктегі үйездер мен облыстарды қазақ өлкесіне қосу шаруасымен түбегейлі шұғылдану үшін өз тарапынан «Солтүстік комиссиясын» құрып, осы Комиссия 1920 жылғы маусымда іссапармен терістіктегі аудандарға шықты. Ал Қазақ өлкесіне Сырдария мен Жетісу облыстарын қосу шаруасы өзінше жеке қаралуы тиіс мәселе еді. Осы мәселе және аталған облыстармен қоса Маңғыстау, Красноводск үйездерін де Қазақ өлкесі құрамына беру хақында келіссөз жүргізуі үшін Қазревком 1919 жылғы 11 қарашада өз өкілін тағайындап, Түркістан республикасына жіберген. 1920 жылы Қазревком бұл мәселені ВЦИК-тің қарауына шығарды. Ал 27 наурызда Түркаткомнан Орал облысына экономикалық және саяси тұрғыдан аса жақын адайлықтардың Қазөлкенің әкімшілік бағынысында болуы дұрыстығын мойындауды ресми сұрап, Адай мен өзге де көшпенділер істері бойынша Ерекше комиссия құрды. Бүкіладайлық Кеңестер съезі өткізіліп, Адай үйездік ревкомы сайланды, Қазақ революциялық комитеті құзырына көшуге қаулы алынды. Соны арқа тұтқан Қазревком Түркаткомға, Каспий сырты (Закаспий) облревкомына тиісті өтініш жолдап, «Маңғыстау үйезінің Қазөлкеге қосылуына қарсы еместігін» тұжырымдаған келісімін алды. Мәселе болашақ республиканың аумақтық шектерін талқылаған Мәскеудегі тамыз мәжілістерінде біржола шешімін тапты.
Осы қысқа шолудан байқалатындай, қазақ жерлерін біртұтас республика шаңырағы астына жинауда Қазақ революциялық комитеті елеулі рөл атқарды. Қазревком 1920 жылғы маусымда Ұлт істері жөніндегі халкоматқа «Қазақ өлкесінің аумағы мен шекаралары туралы» деген атпен Қазақ Совет автономиясын құру туралы жобаны әзірлеу алдындағы құжатын ұсынды. Онда ең алдымен: «Қазақ республикасы РКСФР-дің құрамдас бөлігі ретінде тек қазақтың ұлттық мәселесін шешу үшін ғана құрылмайды, …территориялық-шаруашылық мәселелерді шешуге біз экономикалық мақсатқа сай болу принципінен және республика мен пролетариат мүддесінің өзара үйлесуінен келуге тиіспіз», – деп көрсетілді. Одан әрі «Қазақ республикасының шекараларын анықтағанда ең алдымен ескерілуге тиіс жағдайлар» ретінде, «өлкеде көпшілік болып табылатын қазақтардан басқа, орыс шаруалары мен жұмысшыларының көптеген өкілдері» тұратынын, «өлкенің өз экономикалық, өнеркәсіптік және мәдени орталықтары мүлдем жоқ» екенін, «оларсыз қалыпты өмір сүру мен дамудың мүмкін болмайтынын» айтты. Құжаттың үшінші бабында «Қазақ өлкесінің саяси және өнеркәсіп орталықтары (Астрахан, Орал, Орынбор, Қостанай, Омбы, Семей, Ташкент) шет аймақтарда жатқандықтан» туатын қиындықтарды тізбеледі. Төртінші бабта «шекараларды белгілеп, даулы үйездер туралы мәселені шешу кезінде» аймақтарда қалыптасқан байланыстарды үзбеу керектігін, сондай-ақ кезекте «Қазақстандағы күрделі жер мәселесін шешу» тосып тұрғанын нақты бағыттарымен атап көрсетті. Бесінші бабта шет аймақтардағы орталықтардың бірқатарын (Орал, Орынбор, Қостанай, Семей және т.б.) өлке аумағына қосып, шектерін жоғарыда айтылған принциппен белгілеу керек деді. Осы құжатпен қоса Қазревком бірер мүшесі өзінше ой қорытып жасаған «Қазөлке шекаралары» деп аталатын анықтаманы Наркомнацқа қоса жіберді. Онда ревком бекіткен құжатта көрсетілген аумақты бір жағынан, «буржуазиялық ұлтшылдар өз ықпалын арттыру үшін пайдаланып кетеді», екінші жағынан, «орыстар игерген терістік және шығыс жолақтарды Қазөлкеге беру …осы аумақтардағы орыстардың толқуын туғызады» деген қауіп айтылды. Сондықтан да анықтама авторлары «Қазөлкені байырғы, тарихқа дейінгі деуге болатын шектерінде ұйымдастыру жобасын» ешқандай да қолдауға болмайды деп қорытты.
ВЦИК Төралқасы мәселені өз қолына алды. «Қазақ өлкесін басқаруға байланысты мәселелерді талқылау үшін» Мәскеуге 1920 жылғы 1 тамызда мәжіліс өткізуге ұйғарды. Күн тәртібінде «1) Қазреспубликаны басқару, 2) Қазреспубликаның шекаралары, 3) Қазреспубликаның РКСФР-ге қатысы» жайындағы мәселелерді талқылау тұрғанын хабарлап, Омбы, Челябинск, Орынбор, Орал, Ташкент, Хан ордасынан өкілдер шақырды. Осы тамыз мәжілісіне Сталиннен шақыру алған бойда Қазревком бірқатар дайындық жиынын өткізді. Айрықша комиссия құрып, оған Орталықта талқыланбақ мәселелерге байланысты қажет материалдар жинақтау міндетін жүктеді. Сонымен бірге ВЦИК-тің жанындағы Қазревком өкілдігі 22 адамнан тұратын «Мамандар комиссиясын» құрды. Комиссияға шұғыл түрде «өлкенің тарихи, этнографиялық, табиғи және экономикалық жағдайы туралы деректерге» сүйене отырып, Қазақ республикасы шекарасының жобасын және ықтимал шектерінің картасын жасау міндетін артты. Қазревком өлкелік делегацияның құрамын 1920 жылғы 8 және 20 шілдедегі шешімдерімен белгіледі.
Мәжіліс Мәскеуде 9 және 10 тамызда болып, екі күн бойы болашақ қазақ автономиясы аумағын айқындауға байланысты мәселелер мұқият талқыланды. Мәжілістің қорытындысы және талқылау кезінде бой көрсеткен келіспеушіліктер 12 тамызда Ленин төрағалық еткен үшінші мәжілісте қаралды. Ленин мәселеге маңызды саяси мән берді, алауыздық туғызған күрделі мәселелердің бірқатарына өз пікірін білдіріп, дұрыс шешіп берді. 14 тамызда Наркомнац алқасы Казақтың Советтік Республикасын құру туралы Декреттің жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Қазақ өлкесінің шектерін ресми рәсімдеу мәселесі осылай жұмысшы және ведомствоаралық комиссияларда келісілгеннан соң, оны 17 тамызда ВЦИК Төралқасы жанындағы Әкімшілік комиссия қарады. Наркомнацтың ұсынған жобасы бірлі-жарым елеусіздеу өзгерістер жасалып бекітілді. Әкімшілік комиссия бекіткен осы жоба алғаш рет сол күні, 17 тамызда, екінші мәрте 24 тамызда Халкомкеңестің Ленин төрағалық еткен отырыстарында талқыланды. Құжат жобасы мақұлданып, ВЦИК-тің қарауына жіберілді.
Халкомкеңестің Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитет құру туралы 1919 жылғы 10 шілдеде шығарған Декретін одан бергі оқиғалармен астастыра қарай отырып, ревком ұйысқалы бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көзделген мақсатқа жеткендіктің көрінісі ретінде, 1920 жылғы 26 тамызда ВЦИК пен Совнарком Қазақ Республикасы құрылсын деп шешті. Қазақ халқының мемлекеттілігін жасауды әзірлеу жолындағы бір жыл және 1,5 айға созылған ізденіске толы үдеріс күтулі нәтижеге қол жеткізді: тарихи Декрет дүниеге келді. Автономиялы Қазақ Республикасы Ресей Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының бөлігі ретінде құрылды.
Қазақ өлкесін басқаратын ревком туралы ережеде Қазақ революциялық комитетінің құзырына төрт облыс (Орал, Торғай, Ақмола, Семей) және Астрахан губерниясындағы қазақ аумағы жататыны атап көрсетілген еді. Қазревком осы кеңістікте Наркомнацтың Қазақ бөлімі бастаған болашақ республика шектерін пысықтауды мақсаткерлікпен жалғастырған. Мәселенің туындаған даулы тұстарын шешуде, дегенмен, 1920 жылғы тамызда түрлі деңгейде өткен мәжілістердегі талқылаулар жақсы нәтиже берді. Әсіресе жарияланбақ Қазақ Республикасына кіретін өлке аймақтары Предсовнарком Ленин басқарған Халкомкеңес отырыстарында мейлінше нақтылана түсті де, қабылданған Декретте айқын тұжырымдалды. Сөйтіп автономиялы қазақ мемлекеттігінің құрамына Семей облысы Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы үйездерімен, Ақмола облысы Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл үйездерімен және Омбы үйезінің қазақтар тұратын бір бөлігі берілді. Қазревком мен Сібревкомға өзара келісіп, Омбы үйезінің Қазақ және Сібір бөліктерін дәл межелеу міндеттелді. Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай үйездері кіретін Торғай, Орал, Ілбішін, Темір, Гурьев үйездері бар Орал облыстары, Закаспий облысының Маңғыстау үйезі, осы облыстағы Красноводск үйезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахан губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жерлерінің аумағы республика құрамына қосылды. Қазревкомға Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары қаратылды. Астрахан атқару комитеті жанынан Қазревком мен Астрахан аткомының өкілдері кіретін комиссия құрып, халқы аралас облыстардағы өзара қарым-қатынастарды мұқият ретке келтіру көзделді. Ал Түркреспублика құрамындағы қазақ территорияларын Қазреспублика құрамына қосу сонда тұратын жұрттың ерік-жігеріне байланысты шешіледі деп көрсетілді.
26 тамыз Декреті бойынша «жергілікті Совдептер, Қазақ Социалистік Советтік Республикасының Орталық Атқару Комитеті және Совнаркомы» Қазақ Республикасының басқару органдары болып табылатын. Осындай құрылымды толық заңдастыру мақсатымен Қазревком 1920 жылғы 4–12 қазанда Қазақстан Советтерінің Құрылтайшы съезін өткізді де, Автономиялы Қазақ Республикасы жарияланған соң, өкілеттігін тоқтатты. Съезд Қазақ Республикасы еңбекшілері құқтарының декларациясын қабылдады. Декларацияда Қазақ Автономиялық Республикасы Ресей Федеративтік Республикасының құрамында құрылғаны конституциялық тұрғыда жария етілді. Республика азаматтарының негізгі құқтары мен міндеттері, мемлекеттік билік органдары, сайлау жүйесі мен оның принциптері, жер саясаты, соттың ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесі белгіленді. Республиканың жоғарғы билік органдары – Орталық Атқару Комитеті (Қазатком) мен Халық Комиссарлары Кеңесі (Халкомкеңес) сайланды. Мұның бәрі жұртшылық тарапынан жақсы қабылданды, қазақтың советтік ұлттық мемлекеттілігінің жария болуы отарлық қапастан шыққан халықтың ұлттық жаңғыру жолындағы алғашқы қадамы ретінде бағаланды.
Содан бері бір ғасыр өтті. Кеңестік Қазақ Республикасы ту тіккелі – жүз жыл! Сөз жоқ, төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен кейін отар қамытын киюге мәжбүр болған, тиісінше ХІХ ғасырда ұмыттырылған қазақ мемлекеттігін ХХ ғасырда тұңғыш рет Алаш (Қазақ) Ордасы жаңғыртуға тырысты. Бірақ оның әрекеті баянды болмады да, кеудесінде біртұтас Алаштың ұлттық идеясы жалындаған азаматтар кеңестік платформада социалистік республика тұғырын сомдауға атсалысты. Сол таптық негізде жасалған Совет өкіметінің 1920 жылғы 26 тамыз Декреті дүниеге Социалистік Кеңестік Қазақ республикасын әкелді де, оның жалғасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан болып отыр. Тәуелсіз Қазақстан өзінің бастауын ұмытпайды. Ал тарихи жадтың мықты болуы – елдің ертеңіне өте қажет отаншыл азаматтарды тәрбиелеудің бекем кепілі.
Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz ақпарат порталы