Бақытбек Смағұл: «Бүлік шыққан жерден өлік шығады»
BASNEWS.KZ тілшісі Қордайдағы жағдайға байланысты құрылған Үкіметтік комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға жолығып, жұртты толғандырған сұрақтарды қойған еді. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Бақытбек аға, Қордайдағы ахуалды қорытындылаған шағын есебіңізді жұрт қызу талқылап жатқанын көрген шығарсыз. Сіз айтқан кейбір жайттарды жоққа шығарушылар да бар. Оған не айтасыз?
Әлеуметтік желіде жел үрлеп, желпілдегенді тоқтату керек! Олай болмайды. Мұндай кезде ақыл мен сабыр ақылшы болуы керек адамға. Бір жақты пікірді ұстанып, бір ұлттың өкілін қаралауға тағы болмайды. Бұл жерде ортақ қателік.
– Қалай дегенмен ол жаққа барып, жағдайды өз көзіңізбен көріп келдіңіз ғой. Әскери адам болған соң ең алдымен тәрбиеге мән берген боларсыз. Шынымен жастар әскерден қаша ма? Ресми орындардың жауабы жаңсақ болуы мүмкін бе?
Марк Твен өтіріктің 3 түрі бар дейді: жай ғана өтірік, арсыз өтірік және статистика. Тұрғындардың айтуы бойынша, бір де бір адамды алмаған әскерге. Бірақ, облыстық қорғаныс басқармасының маған берген мәліметіне қарағанда көктемде 13 адам, күзде 23 адам әскерге алдық дейді. Күмән да болуы мүмкін. Жалпы бүкіл Қазақстан бойынша 6 мың адам әскерден бой тасалап жүр, елорданың өзінен 3 мың адам. Неліктен? Оның ішінде өзіміздің ұлттың өкілдері де бар ғой. Оны неге айтып отырмын. Ата заңның 36-бабы бойынша Қазақстанның барлық азаматтарына әскерге барып, борышын өтеу міндет саналады. Егер барған жағдайда олар өздеріне дос табар еді. Бір-біріне қару қолданбас еді. Жігіттік сипаты болар еді, азамат болар еді, ата-анаға масыл болмас еді. Әскердің ең негізгі пайдасы сол. Тіл үйренеді, бір-бірімен сөйлеседі, отанның, ата-ананың, туған елдің қадірін біледі. Әскерге барған адам қаруды отанды қорғау үшін қолға алады. Біреуді ату үшін емес. Бір-біріне кезену үшін емес, керісінше шеп құрып, тәуелсіздігімізді қорғау үшін қолға алады. Біз шекарамызды таспен емес, доспен қоршаған халықпыз.
– «Дүнгендерге негізгі тәрбиені мешіттер береді, уағыздар тек дүнген тілінде жүргізіледі» дедіңіз есебіңізде. Ал, ондағы имамдарды тағайындауға, бақылауға Мүфтияттың құдіреті жетпей отыр ма сонда?
Мен бас мүфти Наурызбай қажымен сөйлестім, Масаншыда 12, Сортөбеде 13 мешіт бар екен. Барлығы ҚМДБ бұйрығымен жұмыс жасап жатыр дейді. Екі ауылдағы мешіттердегі жұма уағызы дүңген тілінде дейді. Бірақ тек жұма емес, барлық уақытта дүңген тілінде. Біз білген соң айтып отырмыз. Ішінен қазақша сөйлейтін бір адам табылу керек қой. Өйткені біздің мемлекеттік тіліміз қазақ тілі. Мен сол тұрғыдан айтып отырмын. Сосын жұма күні бала-шағаларымен барады екен. Ол кәмелетке толған ба, толмаған ба оны ескермеген. Имандылыққа бой ұрғаны жақсы. Бірақ ақсақалдары балаларға неге дұрыс тәрбие бермейді?
– Таяуда өзіңіздің әріптесіңіз, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске депутат ретінде сайланған Шәкір Хахазовтың ағайындарымен өткізген кездесуінің әуесқой видеосын көріп қалдық. Бірақ ресми мәлімдеме жасалмады. Тек сол кездесуде ол дүңгендердің барлығы ауқатты тұратынын, табыс көп екенін айтып, «бірақ сол ақша бізді бұзады» деді. Оған не айтасыз?
Әрине, олардың еңбекқорлығын жоққа шығара алмаймыз. 12-13 сағат жермен жұмыс істейді. Оны бағалауымыз керек. Бірақ баюдың басқа да көздері бар ма деген ой туады. Олардың барлығын анықтауымыз керек тергеу барысында. Оны Хахазов та, дүңгеннің басқа абыройлы азаматтары да жиналған кезде қатты айтты өздеріне. Тәрбиемен айналысыңдар деді. Ол тек қана дүңгенге ғана қатысты емес. Қазаққа да, барлығына да қатысты. Олар тек ақша табуды, пайданы ойламай оқу оқыса, білім алса дейміз. Негізгі байлық сол емес пе? Досың мен дұшпаныңды тану үшін білім керек!
– Бірақ сол білім беретін мұғалімдерді оқушылар тыңдамайтынын, тіпті сабап тастайтынын естідік.
Мұғалімді сабады деген не ол?! Ұстаз мәртебесі туралы заң қайда? Оның бәрін неге жоқ дейміз? Ол бар нәрсе. Емдеу – тәрбие. Жазасы да болады.
– Тек ұстаздар ғана емес, билік өкілі саналатын полицейлердің өздері таяқтың астында қалғанын көрдік. Тағы сол әлеуметтік желде тараған видеолардан.
Әрбір азаматтың құқын қорғайтын полиция қызметкерін доп қылып тепкілеп жатса. Соны желіге салса мәз болып. Бассыздық па? Бассыздық! Ол түрмеде отыруы керек! Оның барлығын анықтар. Бірақ пәленшенің кегі үшін, басқа ұлттық өкілі болғаны үшін өлтіру, ешқандай ақылға сыймайтын дүние. Ол дұрыс емес! Бір, екі, үш адам емес. Тоқтамайсың ба! Неге тоқтамайды? «Бүлік шыққан жерден өлік шығады». Енді оны кім бақылайды? Билік қару ұстаған адамды қалай бақылайды? Әрине әскер кіргізеді. Бірақ ары қарай не? Ол сені үнемі бақылап тұра бере ме? Көліктің құны төленер, үй салынар, дүкен жөнделер. Ал адамның өлімін немен толтырасың? Қайғы-мұң, қасіретін, көз жасын тоқтата аласың ба? Әлде берген кішкене көмек оның орнын толтыра ма? Иә, ашу бар, ыза бар. Кім кінәлі? Жергілікті билік. Немқұрайлы қараған. Сондықтан сын айтса сынбай, шын айтса тыңдай отырып жөндеуіміз керек! Ата заң бәріне бірдей. Біз оны жалпақтамай, жалтақтамай, жансақтамай ардақтауымыз қажет!
– Ол дұрыс қой. Бірақ қаруды заңды түрде алуы да мүмкін ғой. Әр үйде қару бар деп естиміз….
Ол заңды шығар. Бірақ заңды белден басқан кезде қаруды ашумен алуы мүмкін. Біз оттықтың қасына бензинді қоймауымыз керек. Заңсыз болса тәркілеу қажет. Оны да қарайды.
– Халықтың жаппай қару ұстауына қылмыс әлемінің қатысы болуы болуы мүмкін бе? Себебі Қырғыз басылымдары таяуда Алматыда ұсталған «Серік голова» қылмыстық тобы «Қордайдағы қақтығысты әдейі ұйымдастыруы мүмкін» деген болжам жасады. Оның үстіне қылмыс әлемінің тағы бір серкесі «Дикий Арманның» Меккеден жасаған видео үндеуін көрдік.
Мен ол жағын білмедім. Тергеу барысында анықталар. Мүмкін есірткі саудасына қатысы бар ма? Басқа табыс көздері бар ма? Соны анықтау керек.
– Ресми мәлімдемелерде «сыртқы күштер» туралы көп айтылды. Бұл қантөгіс басқа кімге керек болуы мүмкін?
Ол да болуы мүмкін. Мысалға Әблязовтың жасап жатқандарын білеміз. Оның да қатысы болуы мүмкін. Бір күш пайда болғанда, екіншісі, үшіншісі пайда болады. Сосын қолдан қолға кетеді, жазықсыз адам торға кетеді. Бүлдіріп отырған басқа. «Екі үйрек таласса, тауықтарға тамаша» дейді. Қаза болғандардың орнын кім толтырады?
– Енді бұндай қақтығыстарды болдырмаудың жолын іздеген дұрыс шығар? Оның үстіне қазір бір-бірін кінәлайтындар, ілік іздейтіндер көбейіп кетті.
Бір ғана халықты түбірімен кінәлау дұрыс емес. Ол да біздің бауырымыз. Оларды «ана жақтан келдің», «отанын сатқан опасыз» деп кінәлауға болмайды. Олар қорлық көрді ол жақта. Сөйтіп келгенде біздің бабамыз Ноғайбай би тамаша жерін берді оларға. Етене араласу керек. Оларда басқа отан жоқ! Қазақстан халқы. Біз бауырымызға аталас емес, баталасты басып, өмір сүріп жатқан халықпыз ғой. Сондықтан да біз ұлт пен ұлысты ұйыстырған, бір жүрекке сыйыстырған, бір тілекте ұғыстырған, бір-біріне туыс қылған елміз. Құдандалы болып отырғандарымыз да бар.
– Және соңғы сұрақ. Осындай шағын этникалық топтардың бір жерде шоғырлануы, әсіресе шекаралық аймақта отыруы қауіпті емес пе?
Жер емген халықтар еліміздің солтүстік өңірлеріне барса. Қандай құнарлы жерлер бар. Елге оралған қандастарымызды да сол жерлерге орналастырса. Ең әдемі, шұрайлы жерді ғана таңдамай барып, игеру керек.
– Cұхбатыңызға рахмет!