Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Осы аптада Мемлекет басшысының өкімімен бірқатар лауазым иелері тағайындалды және жергілікті және орталық атқарушы органдарға жаңа мамандар келді.
Апта басында Президент Жарлығымен елорда соттарына жаңа судьялар тағайындалды.
Президент Жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне Нүсіпова Шолпан Маратқызы тағайындалды.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьялары қызметіне Қасымова Майя Төлегенқызы, Нұрабай Сәуле Қуанышқызы тағайындалды.
Мақамбетов Ермек Төлегенұлы – Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы қызметіне, Кәрімов Сабыржан Кенжеқанұлы – Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының өкімімен Айдапкелов Нұрболат Серғалиұлы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы қызметіне тағайындалды.
Нұрболат Серғалиұлы Айдапкелов 1979 жылы Жамбыл облысында туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірді. 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Заңтану» мамандығы бойынша тәмамдады.
2001 жылдың қаңтар айынан 2003 жылдың қараша айына дейін ҚР Статистика агенттігінің «Ақпараттық-есептеу орталығында» РМҚ жұмыс істеді. 2003-2007 жылдары аралығында «Мемлекеттік экспорттық кредиттер және инвестицияларды сақтандыру корпорациясы» АҚ бас маманы, Қаржы департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2007-2008 жылдары «ҚазАгро «ҰҚ» АҚ басқарушы директор. 2008-2009 жылдары «ҚазАгроГарант» АҚ басқарма төрағасы. 2009 жылдың шілдесінен бастап желтоқсанға дейін «Astana Knowledge City» АҚ консультанты. 2009-2011 жылдары ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары. 2011-2013 жылдары ҚР Статистика агеттігінің жауапты хатшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Статистика агенттігі Әлеуметтік және демографиялық статистика департаментінің директоры. 2015 жылдың қаңтар айынан 2016 жылдың мамыр айына дейін түрлі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерді атқарды. 2016 жылғы 26 мамырдан бастап – ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы болды.
Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп Қазақстан Медиа альянсының Басқарма төрағасы болып сайланды. Бұрынғы жетекші Арманжан Байтасов бұл қызметті үш жыл атқарған еді.
Нұртөре Байтілесұлы 1961 жылы 29 сәуірде Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Керделі кентінде дүниеге келген. Әкесі – Байтілес Жүсіпов, анасы –Рәбиға Байділдаева. 1984 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
2017 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. «Біз кімнен кембіз?» (2001), «Қазақ қызы» (2004), «Елес пен белес» (2006), «Мың құмырсқа және біз» кітаптарының авторы. Еңбек жолын Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде агроөнеркәсіп бөлімінен бастады. Бұл газетте Көлік және коммуникация бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. 1990-1996 жылдары – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің аға тілшісі, бас редакторының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары. 1996-2002 жылдары – «Жас Алаш», «Ақ жол Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы» газеттерінің бас редакторы. 2008-2019 жылдары – «AIQYN» республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газетінің бас редакторы. 2019 жылы 12 тамызда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Ал ҚР Үкіметінің Қаулысымен Әмірғалиев Азамат Халимеденұлы Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі болып тағайындалды.
Азамат Әмірғалиев 1976 жылы Алматы қаласында туған. 1998 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, 2018 жылы Инновациялық Еуразия университетін және МВА Халықаралық бизнес мектебін бітірген. 1998 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құрылымында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2006-2009 жылдары — ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2009-2011 жылдары — «Альянс Банк» АҚ корпоративтік хатшысы. 2011-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Президент Іс басқармасы аппаратының басшысы, заң бөлімі меңгерушісінің міндетін уақытша атқарушы, заң бөлімінің меңгерушісі. 2019 жылғы наурыз айынан бастап қазірге дейін ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды.
Өңірлерге келсек, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі болып Гүлнар Көкебаева тағайындалды.
Көкебаева Гүлнар Ахметжанқызы 1974 жылы туған. 1998 жылы Қазақ Мемлекеттік Заң университетін бітірген. 2019 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Алматы облыстық Әділет басқармасында заңгер болып бастаған. Әр жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитетінің ұйымдастыру бақылау бөлімінің бас маманы, Алматы қалалық Әділет басқармасының АХАЖ бөлім басшысы, Заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің басшысы, Департамент басшысының орынбасары, Департамент басшысы болып қызмет атқарған. 2020 жылдың тамызынан Алматы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметінде болған.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Айдарбеков Серік Кенғанұлы тағайындалды. Серік Айдарбеков 1975 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 1998 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 1999 жылы Э.Маттей атындағы жоғары мектепті (Милан қаласы, Италия), 2004 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-техникалық университетін аяқтаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Экономист, тау кен инженері-мұнайшы мамандықтарын меңгерген Серік Айдарбеков еңбек жолын Алматы қаласында инвестициялық саясат департаментінің жетекші мамандығынан бастады.
Әр жылдары «Қазақойл» ЖАҚ Ұлттық мұнай компаниясына жобаларды басқару департаметінің бірлескен басқару секторының аға талдаушысы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өнеркәсіп және инфрақұрылым өндірістік бөлімінің кеңесшісі, «Agip KCO» компаниясы, Гаага қаласы (Нидерланды) қазақстандық үлесін дамыту жөніндегі департаментінің эксперименталдық бағдарлама жобасында қазақстандық үлесін дамыту жөніндегі кеңесшісі, менеджері (бөлім бастығы), «Каспиан Энерджи Ресерч» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директоры, «ПауэрКомм» ЖШС бас директоры, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингтің мұнай-газ активтерін басқару жөніндегі топтың бас сарапшысы, Премьер-Министр кеңесшісі, Премьер-Министр кеңсесі индустриалды-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі, Атырау облысы әкімінің орынбасары, Атырау қаласының әкімі, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында болды. Тағайындауға дейін Серік Айдарбеков ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының басшысы қызметін атқарған.
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасына Рүстем Исаев басшы болып тағайындалды. 44 жастағы Рүстем Исаев – Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі. Еңбек жолын 1993 жылы Хромтау аудандық орталық ауруханасында реанимация бөлімінде санитар болып бастаған. Әр жылдары Ойыл аудандық орталық ауруханасында хирург-дәрігер, дәрігер-анестезиолог-реаниматолог, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, Хромтау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етті. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалар алдында «Ақтөбе медициналық орталығын» басқарған.
Ал Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт ауданына әкім болып Владислав Лукин тағайындалды. Владислав Геннадьевич Лукин Петропавл қаласының тумасы, 1990 жылдың 16 наурызында дүниеге келген. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Жоғары оқу орнын «Құрылыс» мамандығы, «Техника және технология бакалавры» бiлiктiлiгi бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2012 жылы СҚО Құрылыс басқармасының сумен жабдықтау бөлiмiнiң бас маманы болып бастады. 2014-2016 жылдары СҚО Құрылыс басқармасы бөлiмi басшысының міндетін атқарды, бөлiм басшысы болды. 2016-2017 жылдары СҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 2017 жылдың қазан айынан 2020 жылдың наурызына дейін СҚО әкiмдiгiнiң Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет еттi. Бұған дейін Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және жедел мәселелер жөнiндегi орынбасары лауазымында болды.
Мәмлүт ауданының әкімі болған Руслан Аңбаев Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының әкімі болып тағайындалды. Руслан Аңбаев СҚО, Тимирязев ауданына қарасты Целинное елдімекенінде 1978 жылы қараша айында дүниеге келген. М. Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан университетiн экономист-менеджер мамандығы бойынша тәмамдады, сондай-ақ юриспруденция бакалавры. Еңбек жолын 1999 жылы Тимирязев ауданы бойынша салық комитетiнде аудит бөлiмiнiң аға салық инспекторы болып бастады. 2002 жылдан 2015 жылға дейiн Есіл, Тайынша және Тимирязев аудандарындағы салық қызметі органдарында әр түрлі қызметтерді атқарды. 2015-2019 жылдар аралығында СҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2019 жылдың қаңтарынан соңғы тағайындауға дейін Мәмлүт ауданының әкімі болды.



