BasNewsЖаңалықтар

Министрлік Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жариялады

Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Нұр-Сұлтан дәмханасында болған жарылысқа қатысты жаңа деректер айтты, – деп хабарлайды BasNews.kz

Ведомство мәліметінше, 21 қарашада сағат 12.25-те Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағын ауданындағы Halalbrothers дәмханасында газ баллон жарылғаны, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

«Өртсөндірушілер оқиға орнына сағат 12.32-де келген бойда жарылыс салдарынан екіқабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағаны анықталды. Сонымен қатар 20 шаршы метр көлемде жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың шатыры жанған. 100 шаршы метр қираған (құрылыстың жалпы көлемі 600 шаршы метр). Жарылыс салдарынан асүйдің шатыры құлаған», – деді ТЖМ өкілдері.

«Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонды шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған қызды құтқарды, ол жабық ми және жұлын зақымын алған. Өкіншке қарай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқаратын 1968 жылы туған әйел адам қаза тапты», – деді ведомстводағылар.

Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді, 23-і ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккен адамдардың барлығы дәмхана жұмысшылары. Сондай-ақ жарылыс салдарынан 3 автокөлік бүлінгені айтылады.

«Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12.58-де сөндірілді. Авариялық-құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының 56 қызметкері мен 14 бірлік техникасы жұмыс істеді. (…)», – деді министрліктегілер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button