BasNewsЖаңалықтар

Жер мәселелері жөніндегі арнаулы комиссия құрылады

Жер мәселелері жөніндегі арнаулы комиссия құру жұмысы басталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

Биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға және қазақстандықтарға жекеменшікке беруге 2016 жылы енгізілген мораторий мерзімі аяқталады.

«Мемлекет басшысы жер комиссиясын қайта құрып, қарашаға дейін Жер кодексіне түзетулер қабылдауды тапсырды. Жер мәселелері жөніндегі арнаулы комиссия құру жұмысы басталып кетті. Оған барлық мүдделі тараптар, ҚР Парламенті депутаттары, агробизнес, фермерлер одағы мен қауымдастықтарының, «Атамекен» ҰКП, облыс әкімдіктерінің өкілдері және басқалары кіреді», – деді министр.

Оның атап өтуінше, Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы және ұсынылған пікірлерді талқылау бойынша жаңа заң жобасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бойынша бірыңғай тұжырымдамалық әдістемелер әзірленетін болады.

«Аталған заң жобасын әзірлеу Үкіметтің 2021 жылға арналған жоспарында көзделді», – деді Сапархан Омаров.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды, биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзету енгізуді тапсырған болатын.

 

Back to top button