BasNewsЖаңалықтар

Биыл күзде елімізде халық санағы өтеді

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов 2021 жылы халық санағы қалай өтетінін айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

29 қаңтарда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық санағын қазан айында өткізуді тапсырған еді.

«Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің шешімімен халық санағы биыл өтеді. 2021 жылғы жаңа санақтың ерекшелігі – заманауи цифрлық технологияларды енгізу мен процесті автоматтандыру. Енді халықтан мәлімет жинау екі түрлі тәсілмен жүргізіледі. Бірінші тәсіл – https://sanaq.gov.kz/ арнайы сайтында интернет-сауалнама жүргізу, онда виртуалды көмекші арқылы респонденттер қай жерде орналасқанына қарамастан дербес санақтан өтуге және өзі мен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік алады», – деп атап өтті Қайрат Келімбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Екінші тәсіл – қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі үй-үйді аралау. Аралау онлайн режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі.

«Интервьюерлердің жаппай аралау кезінде электрондық планшеттерді пайдалануы да жаңалық болып отыр, бұл планшеттер кейін тиісті өңірлердегі мектептерге беріледі. Үйлерді аралау 1-30 қазан аралығында өтеді. Қазіргі уақытта ұлттық санақты өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары мүдделі мемлекеттік органдарға және облыстардың әкімдіктеріне келісуге жіберілді», – деп түсіндірді Қ. Келімбетов.

 

Back to top button