BasNewsЖаңалықтар

Көлік иелері жүргізуші куәлігінің орнына қандай құжат көрсетуі қажет?

Қазақстан азаматтары 13 ақпаннан бастап өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алмай жүре алады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

Оның атап өтуінше, 1 ақпанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулары енгізу туралы» Заң ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң ғана күшіне енеді. Заң 2 ақпан күні «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды және 13 ақпаннан бастап күшіне енеді.

«Сонымен қатар қазіргі уақытта министрлік Жол жүрісі ережесіне Қазақстанда берілген құжаттарды өзімен бірге жүргізушілердің алып жүру міндетін алып тастау бөлігінде тиісті өзгертулер енгізіп жатыр. Бұл ретте Заң аталған Жол жүрісі ережесінен жоғары тұратындығына назар аудартқым келеді Демек, полиция қызметкерлері Жол жүрісі ережесінің нормасына бола құжаттарды талап етпейді», – деді Серік Түсіпов.

Сонымен қатар ол жүргізуші куәлігімен техпаспорт беру қызметі жалғаса беретіндігін атап өтті.

«Жыл сайын шамамен 500 мың жүргізуші куәлігі және шамамен 1,5 млн техпаспорт беріледі», – деді комитет төрағасының орынбасары.

Back to top button