BasNewsЖаңалықтар

LRT құрылысы жалғаса ма? Көлгінов жауап берді

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысын жалғастыру үшін шетелдік инвесторлар іздестіріліп жатқанын айтты, – деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«LRT құрылысы бәрімізді алаңдатып отыр. Пандемия кезеңінде оны жалғастыру мәселесі тоқтатылды. Өйткені тек Қазақстаннан ғана емес, халықаралық екінші деңгейдегі банктерден де қаржы тарту қажет болып отыр. Қазір бұл жұмыс қайта жанданды. Банктермен келісім жасалса, жұмысты жалғастыра аламыз», – деп түсіндірді Көлгінов халыққа есеп беру кездесуінде.

«Иә, шын мәнінде, бұған дейін салынған LRT бағандары қаланың келбетін бұзып тұр. Құрылысқа көлемді қаражат жұмсалды. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыру қажет. Қазір банктермен инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді ол.

Айта кетейік, экс-шенеуніктер Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Ардан Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысына қатысты ұрлық ісі бойынша іздестіріліп жатыр.

Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін «Астана LRT»-ны басқарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдерінің айтуынша, ол ұрлық дерегі анықталғанға дейін елден шығып кеткен.

Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық схеманы шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырғанын мәлімдеген болатын.

Back to top button