BasNewsЖаңалықтар

Алматы полициясы «L-Капитал» компаниясынан зардап шеккен салымшыларға үндеу жасады

Алматы полицейлері «L-Капитал» компаниясының зардап шеккен салымшыларына үндеу жасады. Олар қазақстандықтардан тәртіп сақшыларына арыз беруді сұрады. Зардап шеккендердің ұжымдық арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«L-Капитал» компаниясы басшылығының әрекетінен зардап шеккен азаматтарға Алматы қаласы ПД ҚБ-не өтініш беру немесе 8-701-624-28-24; 8-702-626-7797 телефондарына қоңырау шалу қажет», – деді полицейлер.

Еске салайық, кеше қазақстандықтар алданып қалған консалтинг компаниясының үстінен жаппай шағымданды. Көбі акция сатып алу үшін пәтерлері мен автомобильдерін сатқан. Компания бағалы қағаз жыл сайын 30 пайыз пайда әкеледі деп уәде берген.

Рахымбек Ураков өз мәселесімен редакциямыздың WhatsАpp нөміріне хабарласты. Оның айтуынша, компания акциясын 25 миллион теңгеге сатып алған. Салған қаражатын қайтаруды талап еткенде компания төлем жасаудан бас тартқан.

«Мені L-Capital-ға отбасымызбен араласатын досымыз шақырды. Ол компанияның нарықта он жыл қызмет істеп келе жатқанын, қаражатымыз ірі жобаларға салатынын және осылайша дивидендтер төлейтінін айтты. Мен оны тыңдап, пәтерімді сатып, 25 миллион теңге салдым. Бірақ төрт ай өткен соң келісімшартты бұзып, ақшамды алуға шешім жасадым. Бұл 2020 жылдың ақпаны. Олар келісті, бірақ ақшамды қайтаруды кейінге қалдырып келеді. Пандемияға жапты. Кейін тіпті төлем жасаудан бас тартты», – деді Рахымбек Ураков.

Оның айтуынша, 50-ден аса адам өз қаражатын қайтара алмай жүр. Олар күн сайын Алматыдағы кеңселерге барады.

«Біз прокуратураға, полицияға арыз жаздық. Үнемі Алматыдағы кеңсеге барамыз. Басқа өңірлерден, қалалардан келгендер де бар», – дейді Рахымбек Ураков.

Back to top button