BasNewsЖаңалықтар

Ұлы Абайдың Шымкентте жерленген перзенті Тұрағұл Ибраһимұлына қатысты тың дерек табылды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығы ғалымдарының ізденісінің нәтижесінде Хакім Абайдың Шымкентте жерленген перзенті Тұрағұл Ибраһимұлына қатысты тың дерек табылды, деп хабарлайды BasNews.kz.

1990 жылдары Мәкен Тұрағұлқызы әкесінің аты өшпесін һәм тарихта мәңгі қалсын деген ниетпен «Мемориалды тақта» жасатқан. Бір ерекшелігі – ол мемориалды тақтада тек Тұрағұлдың ғана емес, Абайдың өзге де ұрпақтарының қай жылы, қай жерде жерленгендігі туралы ақпарат берілген. Бұл мемориалды тақта Хакім Абайдың:

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек, –

деген өлеңімен өрнектелген. Сондай-ақ,қазақ тілінде «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы», орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте» деп, төрт адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде төмендегідей анық жазылған:

Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗаймағы.

Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай.

Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты.

Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай

 **********

Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. Р-Н ХФЗ.

Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай.

Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска.

Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.

Тағы бір соны дерек бұл жәдігер – осы күнге дейін ғалымдар айтып жүргендей «Турағұлдың сүйегі зауыт астында қалып қойды» деген пікірді жоққа шығарады. Өйткені аталмыш мекеме 1882 жылдары салынған, ал Тұрағұлдың 1934 жылы қайтыс болғаны белгілі. 1990 жылдардан бері «Химфарм» акционерлік қоғамының арнайы бөлімінде сақталып келген. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында аталған құнды жәдігерді көздерінің қарашығындай сақтап, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне табыстаған «Химфарм» акционерлік қоғамының әкімшілік менеджері Бекен Жақыпбеков пен компания қызметкері Аян Тоқсанбаев есімді қазақтың нар тұлғалы азаматтарына айтар алғысымыз шексіз, дейді оқу орны ұжымы.

Мемориалды тақта бүгін ғана университеттің «Мұхтартану» ғылыми орталығының төріне қойылды.

Back to top button