BasNewsЖаңалықтарПікір

Жақсыбек Құлекеев: Мені жұмыстан кетірген жекеменшік оқу орындарының қожайындары

Бұрынғы Білім және ғылым министрі, мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев министр лауазымынан кетуіне жекеменшік университтеттердің басшылары кінәлі екенін жеткізді. Бұл туралы ол уouтube желісіндегі «Қасқа жол» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

Жақсыбек Құлекеевтің сөзінше ол министр болған уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарының филиалдарының 90 % -да сабақ дұрыс өтпеген.

«Мен қызметке келген уақытта Қазақстандағы кез келген университеттердің филиалдары болды. Бұл филиалдардың барлығының да диплом беруге құқығы болатын. Бірақ ол филиалдардың 90 процентінде сабақ жүрмейтін. Осы мәселенің барлығын талдағаннан кейін мен шұғыл түрде филиалдарда 1-2 курстарда ғана базалық білім алсын, ал дипломды тек қана бас ЖОО беретін болсын деген заңға өзгеріс енгіздім», – деп ағынан жарылды экс-министр.

Осыдан кейін Құлекеевке қарсы үш топ жұмыс істеген.

«Осы және өзгеде заңға өзгеріс енгіземін деп, Парламентке келе жатқан уақытта маған өте үлкен қарсылық жасады. Үш топ маған қарсы жұмыс істеді. Барлығының артында қаражаттары бар, олар осы астанаға келіп депутаттармен жұмыс істеді. Үш топ депутаттардың барлығын бөліп алып ішкізіп, жегізіп, сыйлықтарын беріп жүрді. Бірақ бұл заң жобасын өткізбейміз деп келісімін беріп қойған депутаттардың қарсылығына қарамай мен заңды өткіздім. Содан кейін жоғары оқу орындарының филиалдарының барлығы жабылып қалды. Өйткені диплом бере алмайтын болса ондай филиалға кім түседі?! Ешкім түспейді.», -деді Жақсыбек Құлекеев.

Мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша бұл заң жобасы білім саласын бизнеске айналдырғандардың табысынан айырған. Қомақты қаражаттан қағылғандардың қарсылығы одан ары күшейе түсіпті.

«Ең үлкен наразылық осы заң жобасынан туды. Мен министр болып жүрген уақытта маған қарсы белсенді топтар құрылып, оларға қаражат берілді. Сөйтіп маған қарсы үлкен компания ұйымдастырылды. Оның барлығы білім саласынан бизнес жасап жүргендердің қомақты қаражатына балта шапқаннан болып отыр», -деді Жақсыбек Құлекеев «Қасқа жол» бағдарламасына берген сұхбатында.

 

Back to top button