BasNewsЖаңалықтарПікір

Жандарбек Бекшин: Алматылықтар маска тақпайды, той өткізеді

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин мегаполисте 20-39 жас аралығындағы адамдардың коронавирус инфекциясын жұқтыруы жиілеп кеткенін жеткізді, деп хабарлайды BasNews.kz.

Оның айтуынша, халықтың бұл санатының вакциналану белсенділігі төмен және олар карантин режимін жиі бұзады.

«Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша 20-39 жас аралығындағы азаматтарда қауіпті індетті жұқтыру 31,2%, 40-59 жастағыларда 24%, 60 жастан асқан қарт адамдарда 23%. Инфекция жұқтыратын негізгі орындар бұрынғыша сауда объектілері – 34%, отбасылық байланыс – 19,5%, қоғамдық көліктер – 17,8%», – деді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің сөзінше, вирустың таралуы төмендей бастады, бірақ бұл инфекция кетті дегенді білдірмейді.

«Азаматтар дерттің қаншалықты қауіпті екенін түсінуі тиіс. Әсіресе 60 жастан асқандар қатер тобында, өйткені, өлім көбінесе халықтың осы санатында болады. Жасына қарай көптеген адамдарда созылмалы ауруы бар, дерт жұққан кезде олар өрши түседі. Сондықтан ремиссия кезеңінде екпе алу қажет. Коронавирусты вакцина ғана жеңеді», – деді ол.

Жандарбек Бекшин халықты вакциналауды күшейтуге және қоғамдық орын мен көлікте маска режимін сақтауға шақырды. Ол қала тұрғындарынан адам көп жиналатын нысанға, түнгі клуб, мейрамхана, дәмханаға бармауға және үйдегі бұқаралық іс-шараны шектеуге кеңес берді.

«Алматылықтар тойды тоқтатпай отыр. Маска тағу режимін де елемейді»,-дейді ол.

Back to top button
Close