Петропавлдағы жылу орталығын жөндеуден өткізу үшін 17,5 млрд теңге бөлінеді

Петропавл ЖЭО-ны жылу маусымына дайындауға 17,5 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, Ақшолақов Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдерімен бірге Петропавл ЖЭО-да болып, энергетикалық кешеннің қазіргі жағдайымен танысқан.
Жылу орталығын аралағаннан кейін Министрлік, облыс әкімдігі, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдерінің және станция басшылығының қатысуымен Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Энергетика министрлігі авариялық оқиғадан кейін техникалық жағдайға бағалау жүргізу үшін Петропавл ЖЭО-ға тәуелсіз сараптама комиссиясын жіберді, оның қорытындысы бойынша Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалыпына келтіру жөніндегі Жол картасы әзірленді.
«Жол картасы ЖЭО-ны алдағы жылу беру маусымына уақтылы және сапалы дайындауды қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаржыландырудың жалпы сомасы 17,5 млрд теңгені құрайтын 5 блокқа бөлінген», – делінген хабарламада.
Осы ретте, ведомство Петропавл ЖЭО 1961 жылы пайдалануға берілгенін және СҚО-дағы электр және жылу энергиясының жалғыз көзі. Станцияның негізгі жабдықтарының физикалық тозуы 56,1 пайызды құрайды.
Еске сала кетейік, 20 наурызда Петропавлда жылу-электр орталығының бір мұржасы жартылай құлаған еді. Апат салдарынан тұрғын үйлер мен қызметтік мекемелер жылусыз қалған болатын.