Рудныйда көршісі үстіне керосин құйып, өртеп жіберген балақай ауруханадан шықты

Үш жасар Степа ауруханадан үйіне оралды. 23 сәуірде алған ауыр ем-домдардан кейін балақай облыстық балалар ауруханасынан босап шықты, деп хабарлайды «Костанайские новости».
Оқыс оқиға 16 наурызда Рудный қаласында орын алды. Зардап шеккен адам облыстық ауруханаға 17 наурызда жеткізілді. Балақайдың денесінің 50% күйік шалып, өте ауыр жағдайда болды.
«Әдетте, мұндай күйдегі балалардың 99% өліп кетеді. Бірақ біз баланы өлімнен арашалап қалу үшін барымызды салып, соңына дейін аянбай күрестік. Алғашқы үш күнде баланың жағдайы өте ауыр болды, бірақ, бақытымызға орай, уақыт өте келе оның жағдайы тұрақтанды, ол дәрігерлердің бақылауымен күйік күйзелісінен аман-есен өтті. Дәрігерлер содан кейінгі күрделі кезең – тері пластикасына кірісті. 10-нан астам ота жасалды», – деді травматолог-ортопед дәрігер Мирас Елжасов.
Дәрігер Степашка деп атап еткен балақай тез тілге келетін, емін-жарқын болып шықты. Дәрігерлер мен медбикелер оны бірден жақсы көріп кетті.
«Қазір оның жағдайы тұрақты. Емдеуші дәрігер ретінде мен үнемі анасымен байланыста боламын. Қазір оған ерекше қолайлы жағдайлар қажет, жантүршігерлік күюден бөлек бала ауыр психологиялық соққы алған, оның өз-өзіне келуі үшін кем дегенде алты ай қажет болады», – деп қосты Мирас Елжасов.
Үш жасар бала реанимацияда 20 күн, ауруханада 36 күн болды.
Баланың жағдайына облыстың барлық тұрғындары алаңдаушылық білдірді, ал полиция департаментінің бастығы қылмысты тергеуді жеке бақылауына алды.