BasNewsЖаңалықтар

Шапырашты тұрғын алабында тазалық сақтау мәселесі бойынша кездесу өтті

Қала тазалығын басты назарда ұстау жөніндегі қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданы әкімі аппараты қызметкерлері «Шапырашты» тұрғын алабы тұрғындарымен кездесіп, елдімекенде санитарлық тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесуге тұрғындармен бірге елдімекеннің санитарлық тазалығына жауапты қызметкерлер де қатысты.

Санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Қаратау ауданы территориясы 10 аумаққа бөлініп, оған аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген.

Жалпы ауданда бей-берекет қоқыс жиналуына жол бермеу мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісім-шарт түзу қажеттігі жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың келісім-шарт түзу көрсеткіші 100 % жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Жалпы әр апта сайын өткізіліп келе жатқан тазалық шарасының нәтижесі көңілге қонымды. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда аудан орталығындағы көрініс бірте-бірте реттеліп келе жатқаны көзге көрініп тұр. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлық танытып, әдетіне басқан тұрғындардың қоқыстарын тазартылған аумақтарға тастап кеткен жағдайлары көңіл құлазытты. Сол тазартылған аумақтарды әрмен қарай ұқыппен қарап, бүлдірмей ұстап отырудың орнына қаланың сыртқы аумақтарына қоқыстарын тастаумен әлек,-деді қала тұрғыны.

Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын!

Back to top button