BasNewsЖаңалықтар

Алматы облысында көлік үйге құлады

Алматы облысында BMW X5 көлігі үйдің үстіне құлады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, BMW көлігінің қатысуымен болған жол апаты 24 мамырға қараған түні Іле ауданы, Боралдай ауылында болған.

«Жүргізуші – 29 жастағы жергілікті тұрғын, ол көлікті басқара алмай, жолдан ұшып кетті. Автокөлік жеке тұрғын үй ғимаратының төбесіне түсіп, газ құбырының доғасын зақымдады, сондай-ақ электр сымдары бар бағанды құлатты», – делінген хабарламада.

Жүргізуші жеңіл жарақат алды, ол ауруханаға жатудан бас тартты.

«Құқық бұзушы ҚР ҚК 610-бабы «Көлiк құралын, жолдарды, жол және өзге де құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi зақымдап, материалдық залал келтiруге әкеп соққан көлiк құралы жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді полиция өкілі.

Келтірілген шығын әлі есептеліп жатыр.

Back to top button