
2022 жылға Шымкент қаласында 1 605 баспананы сатып алу құқығынсыз, жалға беру жоспарланған. Оның ішінде 857 пәтер жұмыс істейтін жастарға табысталады.
Қазіргі таңда бұл тұрғын үйлерде абаттандыру және инфрақұрылымдық жүйелерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жұмыстар аяқталған соң тұрғын үй басқармасында конкурс өтеді. Бұл туралы алдын ала құлағдар ету үшін хабарландыру барлық бұқаралық ақпарат құралдарында мен әлеуметтік желілерде жарияланады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында 2021 жылы 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған. 2020 жылы аталған бағдарлама бойынша – 904 азаматқа пәтер кілті табысталды.
Тұрғын үй-коммуаналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлер 5 жылдық мерзімге пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Шымкентте баспана ақысын судсидиялау бағдарламасы да жүзегет асырылуда. Өтінімдер Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 2022 жылдың 18 сәуірінен бастап қабылданған болатын. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданды. Жалға алған үйді субсидиялау қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни жалға алған үйдің 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен жабылады да, қалған 50 пайызын көмек алушы өзі төлейді. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады. Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар, субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс.



