Пікір

Қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастаған

Шымкентте өткен жылы 29 жасқа дейінгі санат бойынша 583 мың теңге мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастағандардың бірі – Камшат.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жобасы мақұлданған Камшат грант қаржысына кондитерлік өнімдерді дайындауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Қосымша өз қаражаты есебінен де қажетті заттарын түгендеп, бүгінде тапсырыспен кондитерлік тәттілер дайындап, саудалауда. Заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындардан тапсырыстар қабылдап отыр.

– Сүйікті іспен айналысу, уақыт пен қаражатқа қожайын болу, табысқа кенелу, бай-қуатты өмір сүру, армандар мен мақсаттарға қол жеткізу – сәтті құрылған бизнестің жемісі. Кез келген бизнес ашу үшін қаражат керек. Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Бірақ мамандығыммен көп жұмыс істеген жоқпын. Кондитерлік өнімдер дайындау хоббиім десем де болады. Сол хоббиді нақты кәсіпке айналдыру туралы көп ойландым. Тәуекелге бел буып, мемлекеттік грантқа өтінім бердім. Жобамды қорғап, нәтижесінде маған грант қаражаты тағайындалды. Өкінбеймін. Тәттілерге тұрғындардың сұранысы жаман емес,- дейді грант иесі.

Жеке бизнесті ашуда ең маңыздысы жүйелі бизнес-жоспар құру. Шағын кәсіпкерлікте бизнес жоспар айтарлықтай қажет емес. Алайда әр қадам бойынша жазылған әрекет сызбаңыз болса қаржыны үнемдеуге, дұрыс жұмсауға, ісіңіздегі жүйелілікке, бизнесті өрге дөңгелетуге септігін тигізеді. Мейлі бизнес-жоспарыңызды қарапайым блокнотқа жазып, күнбе күн жасаған әрекеттерді, жұмсалған қаржыны түртіп отырыңыз. Мәселен, кәсіп бастамақ саланы терең зерттеп, бүге-шігесіне дейін білу, әр тиын шығынын есептеу қажет. Онсыз бизнес жүрмейді.

Шымкентте 2021 жылы 700-ден астам азамат грантқа қол жеткізсе, оның ішінде 200-і жастар санатындағылар (29 жасқа дейінгі). Ал, 2022 жылы 1000-нан астам азаматқа бірнеше лек бойынша грант тағайындау көзделіп отыр. Бұл жобаның тиімді тұстарының бірі – мұндағы бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған.

Back to top button