BasNewsЖаңалықтар

Шымкент: Тұрғындармен тазалық сақтау мәселесі бойынша кездесу өтті

Шымкент қаласы аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында өткен кездесуде әр тұрғын өз ауласын таза ұстау арқылы қаланың көркеюіне үлес қосатындығы баса айтылды.

Қала тазалығын басты назарда ұстау жөніндегі қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, төрт ауданы әкімі аппараты қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, елдімекенде санитарлық тазалықты сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге тұрғындармен бірге елдімекеннің санитарлық тазалығына жауапты қызметкерлер де қатысты.

Жалпы қалада бей-берекет қоқыс жиналуына жол бермеу мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісім-шарт түзу қажеттігі жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың келісім-шарт түзу көрсеткіші 100 % жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Жалпы әр апта сайын өткізіліп келе жатқан тазалық шарасының нәтижесі көңілге қонымды. Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда аудан орталығындағы көрініс бірте-бірте реттеліп келе жатқаны көзге көрініп тұр. Дегенмен, тазалық мәселесіне немқұрайлық танытып, әдетіне басқан тұрғындардың қоқыстарын тазартылған аумақтарға тастап кеткен жағдайлары көңіл құлазытты. Сол тазартылған аумақтарды әрмен қарай ұқыппен қарап, бүлдірмей ұстап отырудың орнына қаланың сыртқы аумақтарына қоқыстарын тастаумен әлек,-деді қала тұрғыны.

Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек.

Қай жерде, қай кезде болмасын тазалықтың орны ерек. Қоршаған орта, жан, тән тазалығы адам үшін қашанда бірінші орында. Айналамызға көз салсақ, тоқтаусыз ағылған көлік, жөнсіз тасталған қоқыс. Арнайы «қоқыс жәшігі» болса да, кей жерден шашылып жатқан қоқысты көзіміз шалып қалатыны жасырын емес. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын!

Back to top button