Шымкент: Қалалық маршруттарда кондукторсыз жүйені кезең-кезеңмен енгізу міндеті қойылды

Мегаполсте жолаушыларды қолма-қол ақшамен төлеуге мәжбүр ететін кондукторлардың жұмысына көптеген шағымдар түседі. Жағдайды түзету үшін қалалық маршруттарда кондукторсыз жүйені кезең-кезеңмен енгізу міндеті қойылды. Жаңа жүйеге сәйкес автобуста кондукторлар мүлдем болмайды. Бұл дегеніміз, жолаушы өзі жолақысын қолма-қол, «Tolem» картасы, SMS код немесе QR- код арқылы төлей алады.
Осы орайда, қоғамдық көліктерде жолаушылардың жол ақысын электронды төлеу процесін тексеру мақсатында, арнайы бақылау қызмет тобы құрылады. Бақылау тобының мамандары толығымен тексеру құрылғыларымен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Шымкент қаласы полиция департаментінің арасында жаңа жүйені іске асыру мақсатында меморандум түзілді. Меморандумға сәйкес, полиция қызметкерлері және бақылау тобы бірлесіп, жол ақысын төлемеген жолаушыларға әкімшілік құқық бұзу туралы хаттамалар түзіп, айыппұл сала алады. Айта кету керек, егер жол ақысын қолма-қол төлеген жағдайда, міндетті түрде билет беруді талап ету керек. Жалпы бұл жүйенің мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету, жүргізушінің жалақысын көтеру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, жолақы төлемін автоматтандыру, жалпы алғанда орын алған кемшіліктерді жою тұрғысында қоғамдық көліктерде мәдениеттілікті қалыптастыру.
Сонымен қатар, Шымкентте жолаушылардың өтініштерін есепке ала отырып, қоғамдық көліктің сағат 20:00-ден кейін жүру уақытын 80 пайызға қол жеткізу басты мақсат етілді. Осы орайда, рейстерді есепке алудың автоматтандырылған бағдарламасына түзетулер енгізілді, автобус өтуге міндетті бақылау аялдамалары анықталды. Жоспарлы рейстер сағат 20:00-ден кейін орындалмаған, бақылау аялдамалары арқылы өтпейтін немесе рейстің жартысы орындалатын жағдайда рейстер мен шеңберлер автоматты түрде есептелмейді. Тиісінше, төмен жүйелілікті орындау есебінен субсидиялар сомасы қысқартылатын болады.
Айта кту керек, қазіргі уақытта Шымкент қаласында 78 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді, күнделікте маршруттарға 843 автобус шығады (жалпы автобустардың саны резервпен қоса 1000 автобусты құрайды). Жеке меншік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал, пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды.



