Шымкент қаласының тұрғыны зейнеткерлікке шығуға бір жыл қалғанда “Күміс жас” жобасымен жұмыс тапты

Шымкент қаласының тұрғыны Иван Тиховтың жасы 62-де. Мамандығы бойынша — оператор-технолог. Ол зейнеткерлікке шығуға бір жыл қалғанда “Күміс жас” жобасымен жұмыс тапты. Бұған дейін бір жылдай жұмыссыз жүрген. Аталған жобаның жүзеге асырыла бастағанын таныстарынан естіген ол мүмкіндікті қалт жібермей, қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп тиісті құжаттарын өткізген. Нәтижесінде жеке кәсіпкер “Уразбаева” – ның меншігіндегі коммерциялық нысанына жолданған. Қазіргі таңда Иван Тихов сантехник болып жұмыс істеуде.
– Зейнет жасына жақындаған адамдарды жұмысқа қабылдай бермейді. Үкімет осы мәселені ескеріп жаңа жобаны жүзеге асырып отыр. Ол үшін шынайы алғысымды білдіремін. Жұмысым жақсы. Қолдан келетін ісіммен шұғылданудамын. Күш-қуатым бар кезде неге еңбек етпеске?, – дейді Иван Тихов.
“Күміс жас” жобасы биылдан бастап жүзеге асырылуда. Оған қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. “Күміс жас” жобасына қатысу мерзімі – 12 айды құрайды. Айлық жалақысы – 91 890 тг. (30 АЕК).
«Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды.
«Күміс жас» жобасына қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді
«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.
Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті.



