Жаңалықтар

Жас мұғалімдер заманауи тенденцияларға сай білім беру жолын nis-пен бірге бастады

Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласының алты жас мұғалімі қатысты. Олардың екеуі Зияткерлік, төртеуі жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:

– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды.

TEDTalk-те форумға қатысушылар мотивациялық спикерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды, жас ұстаздар алдында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөйледі. Олардың ішінде «WikiBilim» қоғамдық қорының негізін қалаушы және басшысы, сұранысқа ие Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының директоры, интернеттің қазақтілді сегментін өзгерткен Рауан Кенжеханұлы, «Астана» телеарнасының жұлдызды хабарларында танылған журналист, «Ретро FM», «Европа плюс», «Орда FM» радиосының жүргізушісі, актриса Майра Төлепберген, танымал актер, отандық және шетелдік блокбастерлердің басты кейіпкері, «Параолимпиец» және «Нулевой пациент» фильмдеріндегі рөлдерімен танылған Асқар Ілиясов болды.

Ұлыбританиядан NIS-пен ұзақ уақыттан бері табысты ынтымақтастық орнатқан Кембридж университетінің білім беру факультеті өкілі Элейн Уилсон жас оқытушылар қатарына қосылды.

– Қазақстанда Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан әзірленген мұғалімдерді кәсіби даярлаудың көптеген жақсы бағдарламалары бар. Ұстаздар үнемі білімдерін жетілдіріп отырады, бұл сіздің елдің біліктілікті арттыруда жетекші екенін дәлелдеп отыр. Бәрін білемін деп ойламаңыз, оқи беріңіз, оқи беріңіз, – деген Элейн Уилсон форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.

Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button