Жаңа жылу беру маусымына дайындық бойынша «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланды

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Мадияр Есенгелдіұлы брифингте мәлімдеді.
– Жоспарға сәйкес жаңа жылу беру маусымына дайындық бойынша «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланды. Қалада барлық құзырлы мекемелердің қатысуымен «Әрбір үйдің қауіпсіздігі» арнайы акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында бір күн ішінде әлеуметтік жағдайы төмен 8 отбасының үйіне демеушілердің тарапынан улы газды анықтайтын газ дабылқаққыштары орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жылу беру маусымының соңына дейін өткізіледі. Жалпы қала аумағында 1455 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы тіркелген – деді М.Жақсыбаев.
Биылғы 2022-2023 жылғы жылу беру маусымына дайындық туралы сұрақтар қала әкімі орынбасарының төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысында қаралды, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2022-2023 жылдардың жылыту маусымы кезеңінде атқарылатын іс-шаралардың бекітпе жоспарының негізінде, Департаментте іс-шаралар жоспары бекітілді.
Биылғы жылу беру маусымына дайындық барысында әлеуметтік жағдайы төмен 315 отбасының үйіне барып, 1523 адам түсіндірме жұмыстарымен қамтылды.
Қала бойынша 2022 жылғы 15 тамыздан бастап, 2 қыркүйекке дейін жеке тұрғын үй секторларында 730 үйге барып, 2834 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттағы жұмыстарды атқару барысында, ТЖ қызметкерлері жеке өрт қауіпсіздік ережелерін ескертеді.
Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі және улы газдың алдын алу тақырыптарында бейнероликтер мен жадынама парақшаларын әзірлеуге биылғы жылы жергілікті бюджеттен 19 млн. теңге қарастырылып, 5000-нан аса жадынама мен плакаттар, 12 билборд дайындалды. Барлық көрнекі өнімдер халыққа жеткізіледі.
Жазатайым жағдайларды және улы газдан уланудың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала және аудан әкімдігі, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлерімен, «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының және «Жастар ресуртар орталығының» еріктілерімен бірлесіп үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келді.



