BasNewsЖаңалықтар

Өзбекстан Ресейдің «Мир» картасына қызмет көрсетуді доғарды

Өзбекстан 23 қыркүйектен бастап Ресейдің «Мир» төлем жүйесі картасына қызмет көрсетуді тоқтатты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Uzcard біртұтас жалпыреспубликалық процессинг орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Картаға қызмет көрсету техникалық себептерге байланысты тоқтады, деп жазылған орталық мәліметінде.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өзбекстан аумағында «Мир» – Uzcard кобейджинг карталары жұмыс істеп тұр. Карталардың мұндай түрі шетелде жұмыс істемейді.

Өзбекстанда «Мир» карталары істемей тұрғаны туралы мәліметтер әлеуметтік желілерде бірнеше күн бұрын пайда болды, деп жазды «Ферғана» басылымы. 21 қыркүйекте Uzcard Ресейдің төлем жүйелерінің карталарын қабылдауды тоқтатпағанын мәлімдеген.

12 қыркүйектен бастап кем дегенде екі өзбек банкі резидент еместерге банк карталарын беру шарттарын күшейтті. «Капитал» банк «студент», «ресми түрде жұмысқа тұрған», «республика аумағында тұрғанына 15 күннен асқан» шетел азаматтарына ғана карта берілетінін хабарлады. «Ипак Йули» банкі де резидент еместерге карта беру талаптарын күшейтті. Жаңа ережеге сәйкес, банк есебін Ташкенттегі бас кеңседе ғана аштыруға болады.

Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері Батыс елдерінің басым бөлігі Ресейге санкция салды. Ресей банктерінің қызметі шектеліп, ресейліктер шетелде картамен есеп айырыса, шетелдің төлем қызметтерін пайдалана алмай қалды. Ресейдің көптеген азаматы санкцияларды айналып өту үшін ТМД елдеріне, Түркияға және басқа да елдерге банк карталарын жасату үшін баруға мәжбүр болды. «Карта аштыру туризмі» Орталық Азия елдерінде де дамыды.

Back to top button