Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай, департамент қызметшілері арасында топтық сайыстар өткізілді

Шымкент шаһарында «Қызмет» салалық кәсіподағы қалалық филиалының құрамындағы Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Қазақтың көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай, департамент қызметшілері арасында топтық сайыстар өткізіліп, Ахмет Байтұрсынұлының өлендерін мәнерлеп оқу жүргізіліп, оның өмірбаяны мен шығармашылығы, мұражайы туралы бейнероликтер мен буклеттер көрсетіліп, оқиғалар бойынша сахналық қойылымдар ұйымдастырылды.
Сайысқа қатысушылар 3 топқа бөлініп, «МАСА тобы», «АЛАШ тобы» және «ҰЛТ ҰСТАЗЫ тобы» болып, тақырыптық сайыстарға қатысып, білім мен өнерлерінің жоғары екенін, сондай-ақ, кәсіподақ мүшелерінің қоғамдық белсенділіктері арта түскенін көрсетті.
Қатысқан топтардың өнерлері мен білімдерін әділ қазылар алқасы бағалады. Көңілді де қызықты өткен іс-шарада 1-орынды «ҰЛТ ҰСТАЗЫ тобы», 2-орынды «МАСА тобы», 3-орынды «АЛАШ тобы» иеленді.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына көз жіберіп қарасақ, тарихымыздың төрінде жарқырап ірі, сом жаратылысты, дарыны ерекше алыптардың шыққанын көреміз. Алашорда үкіметі, Алаш қозғалысы деген айырықша атпен енген осы бір киелі де қасиетті ұғымдар да осы кезеңнің еншісінде. Қазақтарға өз мемлекетін құру үміті ояна бастаған сәт те осы шақ. Ал, осы бастаманың басында Алаш серкелері тұрды. Сол көшбасшының бірі, тұтас буынның төл басы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, ұлтымыздың ұлы ұстазы атанған тұңғыш ұлттық әліппенің авторы, қазақ филологиясының профессоры, ақын-аудармашы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, қазақтың тұңғыш білім министрі, қоғам және мемлекет қайраткері, өз халқын шексіз сүйген патриот – Ахмет Байтұрсынұлы.
Шығармашылық сайыстың соңында жеңімпаз топтар мен белсенді қатысқан жеке өлең оқыған қызметшілерге кәсіподақ атынан арнайы дайындалған сыйлықтарды «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов пен аталған мекеменің кәсіподақ комитетінің төрайымы табыстады.



