Жаңалықтар

Адам саудасы қылмысына тосқауыл қою бойынша нақты шаралар жүзеге асуда

Шымкент қаласы аумағында 2022 жылдың 7-9 қыркүйек аралығында «STOP-трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқаулығына сәйкес, адам саудасына байланысты қылмыстарды ескертуге, жолын кесуге, анықтауға және ашуға бағытталған.

Адамның құқығын еркінен тыс таптау немесе заңсыз еңбекке тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Мұнан бөлек, адамдарды күштеп ұстау қылмыстарын болдырмау мен алдын алу үшін нақты жоспар құрылған және тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, адам саудасын алдын алу бойынша Жібек жолы – Мәметов қиылысына, Ильяев көшесі мен Қонаев даңғылы бойына профилактикалық билбордтар ілінген.

Осы ретте тәртіп сақшылары қала тұрғындарына қандай да бір күмәнді оқиға жөнінде хабардар болса, тәуліктің кез-келген уақытында «102» нөміріне хабар беруді сұрайды. Бұл қылмыстың ашылуына көп септігін тигізері сөзсіз және адам өмірін сақтаудың да төте жолы. Адам саудасымен айналысу – ауыр қылмыс. Бейбіт заманда біреуге қысым көрсету, күштеп ұстау заңмен қудаланады.

«STOP-трафик» жедел алдын-алу іс шарасы барысында кинотеатрларда әлеуметтік ролик көрсетілуде. 2022 жылғы 7-9 қыркүйек аралығында Шымкент қаласының «Cinemax» кинотеатрында Шымкент қаласы Полиция департаментінің көмегімен «Біз адам саудасына қарсымыз!» әлеуметтік ролигі көрсетілуде. Бейнеролик адам саудасының мүмкін болатын жағдайларының бірін қамтып, сондай-ақ мәселенің өзектілігі, адам саудасынан зардап шеккендерге көмек көрсететін ұйымдардың ақпараты мен байланыстары қамтылған. Бұл әлеуметтік ролик Шымкент қаласындағы «Cinemax» кинотеатрының әрбір фильмінің басында үш күн бойы көпшілік назарына ұсынылмақ.

Іс-шара Қазақстан Республикасы бойынша адамдарды одан әрі қанау және сату мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша ҚР ІІМ-нің «STOP-трафик» жедел алдын-алу іс-шарасын қолдау мақсатында іске асырылуда.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9-10 қыркүйек күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері «Жолда қабылдау» акциясын өткізуде. Іс-шараның мақсаты азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың мәселелерін уақтылы шешу болып табылады.

Акция өткізілетін орындар:1) Әл-Фараби ауданы «Арбат» аллеясы; 2) Абай ауданы, Жаңа талап шағынауданы. Сонымен қатар, азаматтар 8-777-424-07-32 нөміріне хабарласып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап ала алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button