Түркістан облысы

Сайлау алдындағы үгіт мәселелері қалай жүргізіледі

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов сайлау алдындағы үгіт мәселелері жөнінде ОСК отырысында мәлімдеген болатын.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттарының депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алдында мынадай негізгі міндеттер тұр.
Бірінші – партиялар мен бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарға үгіт-насихат кезеңінде олардың қызметін жариялау үшін тең жағдай жасау.
Екінші міндет – барлық аудиторияға сайлау құқықтарын түсіндіруге және азаматтардың дауыс беруге қатысуға қызығушылығын арттыруға бағытталған кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Сондай-ақ, сайлау кезеңіндегі үшінші маңызды міндет бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.
Үгіт кезеңінде Министрлік ақпараттық алаңға тұрақты мониторинг жүргізетін болады.
Мониторингпен республикалық және өңірлік дәстүрлі БАҚ, ақпараттық интернет-ресурстар және әлеуметтік медиа қамтылатын болады» деді вице министр.
Вице министр сонымен қатар мониторингпен 340-қа жуық баспа басылымдары, 49 телеарна, 130-ға жуық интернет-ресурстар қамтылатындығын мәлімдеді.
Сондықтан сайлау науқанының барлық қатысушыларының сайлау заңнамасын сақтауы өте маңызды.
«Қандай да бір құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, біз оларды Бас прокуратураға жібереміз, сондай-ақ бұл туралы ОСК-ға хабарлаймыз. Олар сол сәтте тиісті шараларды қабылдайтын болады.Тәртіп бұзушылық болған жағдайда редакторлар да, БАҚ иелері де, оларға жол берген жеке тұлғалар да жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін атап өтемін», деді вице министр.

Back to top button