Түркістан облысында сайлауға дайындық сараланды
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жоспарына сай 2023 жылдың 28 ақпаны күні Түркістан қаласында облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев және облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Оразымбетов оқыту семинарын өткізді.
Оқыту семинары Түркістан қаласындағы Жастар сарайында өтіп, оған Түркістан қаласы мен Сауран ауданының аумақтық сайлау комиссияларының барлық мүшелері, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды сайлау жөніндегі 25 округтік сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы, Түркістан қаласы мен Сауран ауданындағы барлық облыстық, қалалық, аудандық округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысты.
Оқыту семинарында барлығы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының 292 мүшесі болды. Онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу ерекшеліктері, саяси партиялар мен кандидаттардың қатысуын қаржылық қамтамасыз ету, кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшері, сайлаушылар тізімдері бойынша, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері, дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері, сайлау өтетін күнгі дауыс беруге арналған үй-жайдағы тәртіп ережелері баяндалды. Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссияларының сайлау өтетін күнгі заң талаптарына сәйкес атқаратын жұмыстарының алгоритмі, сайлау комиссиялары мүшелері, байқаушылар және сенімді өкілдердінің міндеттері мен жауаптылықтары жөніндегі мәселелер ортаға салынып, толыққанды түсіндірмелер берілді.
Оқыту семинарына қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оларға тиянақты жауаптар берілді.
Атап өтейік, Түркістан облысында 941 сайлау учаскесі бар. Өңірде сайлаушылардың саны 1 176 138 адамды құрайды. Облыс бойынша кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жалпы 646 орын белгіленген.