Түркістан облысы

Түркістан қаласындағы құрылыс нысандарына баспасөз-туры ұйымдастырылды

Бүгін Түркістан қаласында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз-туры өтті. Баспасөз-туры аясында БАҚ өкілдері облыс орталығындағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған сапарында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмалар аясында, өңірде бірқатар мәселелер оң шешімін тауып келеді.

Алдымен БАҚ өкілдері «Жаңа қала» шағынауданында бой көтеріп жатқан 7 қабатты «Тұран» тұрғын үй кешеніне барды. Құрылысқа жауапты «Ныш Ер» ЖШС бас инженері Бақыт Асановтың айтуынша, жалпы саны 32 көпқабатты тұрғын үй биылғы маусым-шілде айларында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысанның құрылысын 13 мердігер мекеме жүргізіп жатыр. Жалпы құрылыстың ауданы – 19 813,44 м2 құрайды. Бір бөлмелі пәтер – 36 м2, екі бөлмелі – 58 м2, үш бөлмелі – 69 м2 құрайды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің құны – 180 мың теңге көлемінде болмақ.

«Облыс орталығында жыл соңына дейін жалпы саны төрт мыңнан астам пәтері бар 64 көпқабатты тұрғын үй тапсырылады. Оның 90%-ы «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында берілсе, қалған 10%-ға жуығы тұрғын үйге кезекте тұрған және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі деп жоспарланып отыр», – деді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбек.

Шара барысында тілшілер қауымы «Жаңа қаладағы» дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатын аралап көрді. Жауапты мердігер компания өкілдерінің мәлімдеуінше, 700 оқушыға арналған мектеп пен 500 орындық жатақхана биыл қыркүйек айының басында пайдалануға берілмек. Білім ұясында өңірдің барлық ауыл-аймағынан жиналған үздік оқушылар мен аса білімді балалар тәлім алады. 5,2 га аумақта орналасқан мектеп-интернат 200 орындық асхана, шеберхана және спорт залмен қамтылған. Бүгінгі таңда ішкі инженерлік желілерін орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания – «МК Технострой сервис» ЖШС.

БАҚ өкілдері барған келесі нысан – қысқы спорт түрлеріне арналған ғимарат. Мұз сарайының құрылысы 2021 жылы тамыз айында басталған. Жоспар бойынша нысан биыл сәуір айында пайдалануға берілмек. «Integra Construction» ЖШС бас инженері Саян Құрманов мұз айдынының жер асты бетон құю, шатыр жабу жұмыстары толық орындалғанын жеткізді. Ал ішкі әрлеу жұмыстары 90% құраса, мұз айдынына қажетті құрал-жабдықтардың 85%-ы жеткізілген. Қалған материалдар наурыз айының ортасына дейін жеткізілмек. 1200 көрерменге арналған мұз сарайында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға болады. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынуда.

Бұдан соң журналистер қауымы көпқабатты тұрғын үйлердің және әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты екі тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Нысанда 126 пәтер бар. Әр қабатта 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер орналасқан. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға, сыртқы әрлеу жұмыстары 95%-ға, ішкі сылақ пен инженерлік желілер 35%-ға, ал монолит жұмыстары толығымен аяқталған. Ауладағы паркинг 115 машинаға арналған, абаттандыру және инженерлік желілерін жүргізуге толық қаржы қарастырылған. Қаладағы ең биік нысан биыл қыркүйек айында қолданысқа берілмек.

Бұдан бөлек, жалпы құрылыс ауданы – 14 127,75 м2 құрайтын әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй 2023 жылдың қараша айында тұрғындарға қолданысқа беріледі. Бүгінгі таңда тұрғын үйде инженерлік желілер 30%, ҚМЖ – 50%-ға аяқталған, 18-19-шы қабаттың монолит жұмыстары және 12-13 қабаттарда қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысанды абаттандыруға және инженерлік желілерін жүргізуге толық қаржы қарастырылған.

Back to top button