Түркістан облысы

Марат Алиханов жылу энерго орталығына барып, жұмысшылармен кездесті

Облыс прокуроры Марат Алиханов Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталығына барып, жұмысшылармен кездесу өткізді және олардың еңбек ету жағдайымен танысты.

100 мың тұрғыны бар қаланы жылумен толық қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме болып табылатын №5 ЖЭО 1934 жылы салынған. Мамандардың мәліметтері бойынша бүгінгі таңда мекеменің жабдықтары тозығы жетіп ескірген және жаңартып, жаңғыртуды қажет етеді.

Нысанның стратегиялық маңыздылығына байланысты мекеменің қызметі мен жұмысшылардың еңбек құқығының сақталуы үнемі прокуратураның бақылауында.

Кездесу барысында Марат Алиханов прокуратураның қадағалау актісімен 365 жұмысшының 25 млн. теңге жалақы қарызы төленгенін атап көрсете отырып, әкімдіктің назарын жабдықтарды жөндеуге қаражат бөлудің қажеттілігіне, сондай-ақ жалақыны мерзімінде төленуі бойынша сұрақтарға аударды.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Жетпісбаев кездесуде прокуратураның үйлестіруімен мекеменің мәселелерін шешу жолында шаралар қолданылып, бүгінгі күні жергілікті атқарушы орган тарапынан ЖЭО-ны модернизациялауға жобалар жасалғанын айтты.

Сонымен қатар облыс прокуроры орталықтың жұмысшыларымен жеке қабылдау өткізіп, қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаларды түсіндірді және жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар берді.

Back to top button