Сайлау – Жаңа саяси кезеңнің бастауы
Бәріңіз білетіндей, 19 наурыз күні елімізде ауқымды саяси дода болғалы тұр. Нақтысын айтсақ, біз Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға өзіміз лайық көрген депутаттарды сайлаймыз.
Саяси сарапшылар мен қоғам белсенділері бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгерек болатынын айтып жатыр. Оның себебі – қазіргі мемлекеттік реформалар ел саясатына әйелдер, жастар, тіпті, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да араласуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл – осы сайлаудан кейін Мәжіліс пен мәслихаттарда барлық саладағы мәселелер көтеріледі деген сөз.
Сонымен бірге, бұл сайлауда жеті бірдей партия күш сынасатын болады. Олар 18 ақпаннан бастап өз тұғырнамаларын елге таныстырып, қоғамдағы түрлі мәселелерді шешуге күш салатынын жеткізіп жатыр. Партиялардың әрекеттерінен ашықтық пен әділетті бәсекені аңғарып келеміз. Бұл да Жаңа Қазақстандағы теңқұқықты қоғамның бір белгісі деп ойлаймын.
Дегенмен, мемлекетіміздің нығаюы үшін депутаттар ғана емес, тұтас қоғам белсенділік танытуы қажет. Біз қоғамды бірлесе отырып дамытқанда ғана әлем алдындағы абырой, беделімізді көтере аламыз. Сондықтан алдағы саяси науқаннан тыс қалмай, белсенділік танытайық. Жарқын болашақ үшін таңдау жасайық!
Индира ИКАПОВА,
«Түркістан Оқушылар сарайы – ЮНЕСКО клубының» директоры