BasNewsЖаңалықтар

Қостанай облысында су тасқыны салдарынан ауыл тұрғындары эвакуацияланды

Қостанай облысына қарасты Қарасу ауданы Қарамырза ауылының тұрғындары су тасқынына байланысты қауіпсіз жерге көшірілді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

“Су тасқынына қардың қарқынды еруі мен еріген судың Түнтүгір өзеніне құйылуы себеп болған. Соның салдарынан қазір 12 тұрғын үй мен 40 үй телімі су басу аймағында қалды. Су басқан үйлерден 15 адам, оның ішінде сегіз бала эвакуацияланып, өз тілектері бойынша туыстарының үйіне орналастырылды. Ірі және ұсақ малдар да қауіпсіз жерге көшірілді. Ауыл тұрғындарына су басу қаупі туралы дер кезінде хабарланды”, – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Ауыл әкімдігінің ғимаратында аудан әкімінің жетекшілігімен төтенше жағдайға қарсы штаб құрылды. Басқарма қызметкерлері көмек көрсету, оның ішінде қажет болған жағдайда психологиялық қолдау көрсету мақсатында үйді аралауды ұйымдастыруда. Денсаулық сақтау басқармасында жедел желі құрылып, су басу орнында Ішкі істер министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр.

Қазір жағдай бақылауда, билік зардап шеккен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.

Back to top button