Ақмола облысында күзетшінің үстіне темір қақпа құлап кетті
Ақмола облысында кәсіпорынның күзетшісі жұмыс орнында жарақат алып, комаға түсті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Күзетшінің үстіне металл қақпа құлап кеткен. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бұланды ауданындағы ЖШС-нің бірінде күзетші болып жұмыс істейтін 54 жастағы ер адам жұмыс орнында жарақат алған. Бұл туралы аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөліміне хабарласқан медицина қызметкерлерінің хабарламасынан белгілі болды.
«Оқиға күзетші кәсіпорынның тағы үш қызметкеріне астық қоймасының темір қақпасын жабуға көмектескен кезде орын алған. Қақпаның бір қанатының қалқалары сынып, соның салдарынан ауыр құрылым дәл ер адамның үстіне құлап кеткен», –деді Ақмола облысының полиция департаменті.
Ер адам қазір ауруханада жатыр. Алдын ала диагноз «Жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының контузиясы, самай сүйегінің сынуы, кома».
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 2-бөлігі «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.