BasNewsЖаңалықтар
КҚК мұнай айдауды қайта бастады
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 72 сағаттық жоспарлы жөндеуден кейін 14 сәуірде мұнай айдауды қайта бастады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Осы кезеңде әртүрлі мұнай құбыры жүйелеріне, мұнай айдау станцияларына және Теңіз терминалына техникалық қызмет көрсету бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады КҚК баспасөз қызметі.
Қазақстанда мұнай айдауды тоқтату кезеңінде «Теңіз» мұнай айдау станциясында өрт және газды анықтау жүйесін жаңғырту бойынша бірқатар жұмыс, сондай-ақ «Атырау» мұнай айдау станциясында электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға қатысты жұмыстар жүргізілді.
Жабдыққа техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мұнай айдауды жылына бірнеше рет тоқтату жоспарланған.
Каспий құбыр консорциумы қауіпсіздік мәселесіне байланысты және қылмысты болдырмау мақсатында мұнай құбырының жұмысы тоқтатылатыны туралы қоғам мен сарапшылар қауымын алдын ала хабардар етпейді, делінген хабарламада.
Айта кетері, КҚК құбыры Қазақстанның батысындағы мұнай кен орындарын және Каспий қайраңындағы Ресей кен орындарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы – 1 511 шақырым.
Жүйе қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты болып саналады.