Жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен алимент өндіру бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда лицензиясынан айырылуға жатады

Алимент бойынша әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақытылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты да жауапкершілік күшейтілгендігін ескеру қажет.
Атап айтқанда, егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты (оның ішінде алимент өндіру санаты) бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда әділет органдарының талап арызы негізінде лицензиясынан айырылуға жатады.
Осы негіздермен сотқа енгізілген талап қою арыздары бойынша өткен жылы 2 жеке сот орындаушысы лицензияларынан айырылған.
Жалпы Департамент 2022 жылы сот орындаушыларға қатысты жеке және заңды тұлғалардан түскен 2 560 жолданымы, сондай-ақ 25 168 сұраныс, басқа да түрдегі құжаттар қаралды.
Түскен жолданымдардың сипаты: 1 031 (40%) – алимент өндіру мәселелері, 391 (15%) – ақша қаражаттарды мәжбүрлеп өндіру туралы, 740 (29%) – тыйымдарды және мәжбүрлеп өндіру шараларының күшін жою.
Өз негізін тапқан жолданымдар саны – 211 (8%).
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 130 тәртіптік өндіріс басталып, 1 жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданысы уақытша тоқтатылған, 4 жеке сот орындаушысын лицензиядан айыру туралы талап арыздар қазіргі таңда сотпен қаралу сатысында.
Сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығының бірлескен іс-шараларының нәтижесінде 36 алимент төлеуші жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан «проблемалы» алименттік өндірістердің саны 619. Олар бойынша жалпы 992 442 251 теңгеге қарыз қалыптасқан. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеудің негізгі себептерінің бірі – борышкердің тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы.
Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 430 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқатылған. Сонымен қатар, жалпы сот орындаушыларының істері бойынша 735 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде алимент төлеу міндеттерін орындамаған – 239 азамат. Алимент бойынша 93 борышкерге қатысты 5 тәулікке дейін қамаққа алу, 146-ға – 5 АЕК мөлшерінде (15 315 теңге) айппұл салынды.



