Шымкентте интернет-алаяқтығы азайды

Экономикасы тұрақты дамып, азаматтардың әл-ауқаты жақсарып келе жатқан мемлекетте, алаяқтық қылмыстарымен күресу бүгінгі таңның аса өзекті мәселелерінің қатарында. Қазіргі таңда бір мемлекетті өзгелерден айшықтайтын жетістігі тек қана әлеуметтік-экономикалық дамуымен ғана өлшенбейді, сондай-ақ сол елдегі тұрақтылық, қауіпсіздік пен тыныштықпен де өлшенеді.
Халық телефон арқылы банктік мекемелердің атынан келетін кез келген хабарламаға айрықша назар аударып, қайта тексеріп отырғаны дұрыс. Рұқсат етілмеген операцияларды бұғаттау үшін телефон арқылы бейтаныс адамдардың бірінші талабы немесе ұсынысы бойынша банктік деректемелерді немесе SMS-хабарламалардың кодтарын жазып алудың, өзге жинақтарын банктің қандай да бір шотына аударудың ешқандай қажеті жоқ. Өз атыңызға картаны, абоненттік нөмірді ашу, оның ішінде осындай әрекеттерге басқа адамдарды тарту ұсынылады. Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды басқа адамдарға беруді сұрайды. Кейіннен көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақшаны алу үшін пайдаланады. Осындай оқиғалар орын алған кезде сауысқандай сақ болған жөн.
Қала прокуратурасы алаяқтықтың заманауи түрлерінің алдын алу, жолын кесу, ашу бағытында жергілікті құқық қорғау мен уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен жобаны іске асыруда. 2022 жылдың қорытындысымен алаяқтық қылмыстары қаламызда өскенімен жобаны қолға алғалы бұл қылмыстардың тіркелу көрсеткіші 43% төмендеп отыр, оның ішінде интернет-алаяқтығы 73% (210/57) азайды. Мұндай оңды жетістіктерге қол жеткізу үшін бірқатар жұмыстарды атқардық. Әсіресе халық арасында жүргізілген түсіндірме жұмыстары өзінің оңды нәтижесін беріп отыр. Қазіргі таңда бірқатар жергілікті теледидарлардан бейнероликтер көрсетілуде. Сонымен бірге, қоғамдық көліктер мен қоғамдық жерлерде де алаяқтардан сақ болу жөнінде роликтер жариялануда.



