Жаңалықтар

Шымкент қаласының аумағындағы су басу қаупі бар аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізілді

Қала аумағындағы су басу қаупі бар аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Оған Төтенше жағдайлар департаменті мен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшылары қатысты.

Нәтижесінде қаланың шеткі және қырлы жерлерде, атап айтқанда,  Забадам елді мекені, 195 орам, Елтай елді мекені, Тұран мөлтек ауданы аумағында қардың көп мөлшерде жиналып жатқаны байқалды, олар күн жылынғанда еріп, оның үстінен жаңбыр жауса, су басу жағдайлары орын алуы мүмкін екендігі анықталды.

Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық басқармаларының қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал аймақтарға жерүсті мониторинг жүргізді. Нәтижесінде су басу қаупі бар 38 елді мекен, оның ішінде 73 көше анықталды. Қауіпті деп танылған аймақтардағы каналдар мен ирригациялық жүйелерді жиналған мұздан, қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Су тасқыны кезеңінде халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында Департамент СМС хабарламалар мен цифрлық 26 теле және 3 радиоарналарды ұстап алу құралдары арқылы дауылды ескертулерді үнемі жариялап отырады. Казгидрометтің хабарлауы бойынша 31 қаңтар мен 3 ақпан аралығында қала аумағында қар аралас жауын-шашын туралы дауылды ескерту жарияланды. Осыған сәйкес қала әкімінің тапсырмасымен 30 қаңтардан бастап, ерекше өкімге дейін, Департаменттің дағдарыс жағдайлар орталығында тәуліктік кезекшілік ететін штабы ұймдастырылып, үйлестіру жұмыстары атқарылды.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағындағы 30 мекенжайдан 2230 м3 су шығарылып, 200 дана қаппен бөгет жасалынды. Авариялық-құтқару жұмыстарына 200 адам жеке құрам, 32 мотопомпа, 42 техника жұмылдырылды. Су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жою үшін 535 адам, 101 бірлік әр түрлі мақсаттағы техника,  17 қайық,  78 дана мотопомпа дайындыққа келтірілді.

Қала әкімінің қаулысымен бекітілген қалалық жедел ден қою жасағының күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Жасақтың құрамында 259 адам және 50 техника бар. Түркістан облысы, Сауран ауданы, Шаға ауылында орын алған су басудың салдарын жоюға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар  департаменті тарапынан 35 адам жеке құрам, 6 техника мен 13 мотопомпа көмекке жіберілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button