Шымкент: Жерді өз бетінше иеленіп алуға байланысты мәселелері талқыланды

Шымкентте жерді өз бетінше иеленіп алуға байланысты туындаған проблемалық мәселелерді шешу және алдағы уақытта болдырмау мақсатында арнайы, құқық қорғау, жергілікті атқарушы, уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру механизмін қайта қарау, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу, мемлекет мұқтажына алынған жердің орнына басқа учаскелерді заң аясында беруді қарастыру, жерді өз бетінше иеленгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін қатаңдату күтіледі.
Түзеу мекемелерінде сотталғандар арасындағы құқық бұзушылықтарды (оның ішінде қасақана) азайту бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру үшін қала прокуратурасы сотталғандардың бойында құқықтық тәртіпті, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, қоғамды мінез-құлық нормаларына, ережелері мен әдептілік деңгейіне оң көзқарасты қалыптастыруға бағытталған «Сотталғандарды түзету – қауіпсіздік кепілі» жобасын іске асыруды ұсынды.
«Сотталғандарды түзету – қауіпсіздік кепілі» жобасының негізгі бағыты пенитенциарлық жүйе мекемелерінде сотталғандардың қоғамға оралғаннан кейін заңға бағынатын азамат болуына көмек беретін тиімді бағдарламалар құру және оларды осы бағдарламаларға белсенді қатыстыру болып табылады.
Тиімді бағдарламалары бар жақсы ұйымдастырылған түрме болашақта олардың мінез-құлқын түзету үшін арнайы контингентпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Жоба шеңберінде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен қатар адам құқықтарын қорғау жөніндегі отандық және халықаралық ұйымдарды тарту көзделеді.
Қаламызда жерді өз бетінше иелену негізгі өзекті мәселелердің біріне айналған. Осы жағдайды бірлесіп шешу, оған мүмкіндіктер туғызатын жағдайларды анықтау және жою мақсатында прокуратура әкімдікпен бірлесіп Жоба менеджменттік тәсілді пайдаланып әзірлеген іс-шара жоспары қатысушыларға таныстырылып, қолдау тапты. Бұл іс-шаралар арнайы, құқық қорғау, жергілікті атқарушы, уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, іске асырылады.



