Жаңалықтар

Шымкент: Жатын бөлмесінде және мал қорасында есірткі заттарын сату үшін сақтаған 55 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды

Қазіргі кездегі қоғамның басты дерті – нашақорлық. Есірткі қолданған тұлға кейін бұзақылық жасау, қорлық көрсету т.б. бейімделеді. Сондықтан да әрбір азамат нашақорлықтың зиянын жіті сезініп, ғасыр дертімен күресу керек.

Шымкенттік полицейлер есірткіні немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, имеденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұзақ мерзімді жедел әзірлеме жұмыстары нәтижесінде қала аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысқан 55 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтады. Тергеу сотымен санкцияланған тінту жұмыстары нәтижесінде, «Орманшы» тұрғын алабында орналасқан тұрғылықты мекенжайындағы жатын бөлмесінен шкаф ішіне және киім-кешектерге жасырылған, қағазға оралып өткізуге дайындалған жалпы 8 дана есірткі бумалары анықталып, тәркіленіп алынды. Сондай-ақ, жедел уәкілдер оның «Абдулабад» тұрғын алабындағы мал қорасынан тағы қосымша 3 литрлік шыны банкаға салынған және ақ түсті қапта сақталған өткір иісті есірткіге ұқсас заттарды тәркілеп алды. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттардың «марихуана» және «гашиш» есірткілері екендігі расталып, жалпы салмағы 500 грамнан асқан. Одан бөлек, жедел-іздестіру іс-шаралар барысында, оның 54 жастағы сыбайласы анықталып, тергеуге жеткізілді.

Аталған факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 1-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің бірі Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, ал екіншісіне «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бүгінде есірткінің синтетикалық түрлері көбейген. Бұл орайда өз міндетін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлері қырағылық танытып, есірткі саудасының алдын алуда. Есірткіге қарсы күресті бәсең­детпеген тәртіп сақшылар қала тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button