Жаңалықтар

Жазғы дала-орман өрт қауіпті кезеңіне дайындық жоспарлары нақтыланды

Шымкент қаласындағы алдағы жазғы өрт қауіпті кезеңіне дайындық іс-шаралары туралы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Эльмира Ережепова баяндады. Спикер қала әкімдігімен бірлесіп «2023 жылдың өрт қауіпті маусымында Шымкент қаласы аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою тәуекелдерін төмендету іс-шаралар туралы» жоспары әзірленіп бекітілгендігін айтып, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырысында «Орман және дала өрттерінің алдын алу» тақырыбы бойынша сұрақтар қаралғандығын нақтылады.

Қала аумағында жалпы аумағы 12 980 га құрайтын егістік алқабы бар 60 шаруа қожалығы орналасқан. Шымкент қаласында жалпы көлемі 6 мың. 286 га құрайтын «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысына қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары бар. Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 53 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 320,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 300 шақырым және егістік алқаптарында 402,1 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Болуы мүмкін орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында жалпы 40-нан астам ерікті өрт сөндіру топтары құрылды. Олар, 69 бейімделген қосалқы техникалары мен 14 өрт сөндіру мотопомпалармен жабдықталған. ТЖ департаментінде 24 бірлік техника (негізгі 11, арнайы 7 және қосалқы 6) және 100 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілді.

Эльмира Уалиханқызы жаз айларында елдімекендерде орын алатын құрғақ шөп өрттерінің салдарынан егін алқаптарға өтіп кетуін ескертіп, азаматтар немесе объектілердің иелері кінәлі болып табылса, жауапкершілікке тартылатындығын нақтылап, қала аумағында 2021-2022 жылдар аралығында дала-орман өрттер тіркелмегендігін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button