Түркістан облысында биыл 21 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады
Түркістан облысында биыл 29 491 оқушы мектепті аяқтайды. Оның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға өтініш бергені – 21 065. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлімдеді.
2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты бітірген түлектердің ішінде 1416 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 2355-і «Үздік аттестат» алуға үміттеніп отыр.
«Жалпы өңірдегі Түркістан мен Сарыағаш қалаларында және Жетісай, Созақ, Сайрам аудандарында «USTUDY» тестілеу орталықтары орналасқан. Онда ҰБТ 2 лек бойынша компьютерлік форматта өткізіледі. Орталықтарда 12 аудиторияда 600 компьютерлік орын дайындалған. Ұлттық бірыңғай тестілеу цифрлық форматқа өткізіліп, жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігі берілді. 11 сынып бітірушілері қаңтар айынан бастап ЖОО-на түсе алады. Мемлекеттік грантқа түсу үшін тіркелу – 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Ал мемлекеттік грантқа түсу үшін тест тапсыру мерзімі 18 мамыр мен 5 шілде аралығында жүргізіліп жатыр. Тестілеу барысы толығымен бейнежазбаға түсіріліп, бейнекамералар Ұлттық тестілеу орталығымен бақылауға алынған. Қазіргі таңда тест тапсырғандар – 4357, шығармашылық емтихан тапсырғандар – 614, тестілеуге қатыспағаны – 79», – деді басқарма басшысы.
ҰБТ ережесіне сәйкес ғимаратқа кіргізу немесе тестілеу барысында тыйым салынған заттар анықталып, ғимараттан немесе тестілеуден шығарылған болса, ҰБТ-ны тапсыруға екінші мүмкіндік берілмейді.
Басқарма басшысы айтып өткендей, биыл наурыз айында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін Түркістан облысындағы ауыл мектептеріне арнайы 71 автобус табысталды. Ертең, яғни 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай қосымша тағы 30 автобус берілмек.