Түркістан облысында биыл 200 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2022-2023 оқу жылында облыста 17 жазғы сауықтыру лагерлері қызмет көрсетіп, жалпы қала сыртындағы лагерлер – 41 597 баланы, мектеп жанындағы лагерлер – 153 000 баланы қамту жоспарланған.
«Лагерлерде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін, 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалатын болады. Бір баланың жазғы сауықтыру құны – 30 252 теңге. Сонымен қатар, «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3 390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылмақ. Сондай-ақ, мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын – 330 лагерь, 580 ойын-сауықтыру алаңшалары балалар үшін тегін қызмет көрсетеді. Ал қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетпек. Сондай-ақ, «Самал» лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 170 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Ал, 1050 бала республикалық «Балдәурен», «Бөбек» оқу-сауықтыру лагерлерінде сауықтырылады», – деді Дінислам Болатханұлы.
Басқарма басшысы атап өткендей, облыста балалардың жазғы сауықтыруын ұйымдастыруға Түлкібас ауданы, Машат шатқалында орналасқан мемлекет теңгеріміндегі «Самал» және «Отырар» жазғы сауықтыру лагерінде бір ауысымда 800 қосымша орын ашылады. Одан бөлек, Бәйдібек ауданда орналасқан «Тау Шыңы» демалыс аймағы жазғы сауықтыру лагері ретінде қосымша 150 орынмен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, Ордабасыдағы «Орленок» жазғы сауықтыру лагерінің де қайта ашылуы қарастырылып, 150 орындықты 1 жаңа лагерь балаларды қабылдамақ.
Бұдан бөлек, Төлебидегі Киелітас ауылында орналасқан аудандық «Оқушылар Үйіне» жөндеу жұмысы жүргізіліп, қосымша 150 баланы қабылдайды. Сондай-ақ, Түлкібас ауданындағы Жабағылы және Абайлы ауылынан сауықтыру лагерін, Төлеби ауданы, Біркөлік шатқалындағы басқарма теңгеріміндегі «Робинзон» лагерінің бос тұрған 4,35 гектар жер теліміне жаңа лагер құрылысын жүргізу ұсынылды. Нәтижесінде қосымша 4-5 лагермен қамтылып, бір ауысымда 1 720 жаңа орын ашылады. Яғни, жылына 8 ауысымда 13 760 балаға қосымша орын бар.
Айта кетсек, Түркістан облысында өткен оқу жылында жалпы жазғы сауықтырумен 206 269 бала қамтылған. Оның ішінде, қала сыртындағы лагерлер – 57 710 балаға, мектеп жанындағы лагерлер – 148 559 балаға ұйымдастырылған.