Ақтөбеде бомба туралы жалған хабар таратқан жасөспірім сотталды
Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама тарат жасөспірімге қатысты үкім шықты. Сотталушы – Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде оқитын 10-сынып оқушысы. Бұл туралы Basnews.kz тілшісі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотымен оқушы кінәлі деп танылып, оған 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 2022 жылдың мамырында Ақтөбе облысы полиция департаментінің электронды поштасына бірнеше университетке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Аталған оқу орындарына шұғыл қызмет өкілдері тексеру жүргізді. Алайда қауіпті ешнәрсе табылған жоқ.
Оның үстіне кінәлі деп танылған оқушы мұндай жалған хабар туралы хатты Көкшетаудағы бірнеше мекеменің де электронды поштасына жолдапты.
“Аталған оқушы осындай электрондық хатты Көкшетау қаласына да жолдап, үш сот ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлағаны анықталды. Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотымен үкім шығарылып, кәмелетке толмаған кінәлі деп танылды. Оан қатысты 6 айға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды”, – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.