Жаңалықтар

Шымкент полицейлері жоғалған 3 жасар баланы дер кезінде тапты

Шымкент полицейлері ата-аналардан перзенттеріне мұқият болуды, оларды бір сәтке де назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Өйткені, балалар әртүрлі қылмыстық жайттардың немесе жол апаты жағдайларының құрбаны болуы мүмкін.

Абай АПБ-ның 102 арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады. Ол, 3 жасар баласынан аяқ асты көз жазып қалғанын, үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізді. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің қолында самокаты болған.

Оқиға орнына шұғыл жеткен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері полиция аға лейтенанттары Ержан Абуев пен Жеңіс Сарыпбеков жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Кішкентай баланың өміріне төнуі мүмкін қауіптің барлығын ескеріп, айналаға шұғыл шолу жасады. Атап айтқанда, ойын алаңдары, жақын маңдағы көшелер мен дүкендерді тексерді.

Нәтижесінде, полиция қызметкерлері 1 сағат ішінде жоғалған баланы Алматы тас жолы «Сәтті жол» жанармай бекетінің жанынан тапты. Бала жалғыз өзі самокат айдап, үйінен 2 шақырым жерге ұзап кеткені анықталды.

Өз кезегінде, бүлдіршіннің анасы тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдірді.

Бұдан бөлек, Абай АПБ-ның 102 арнасына кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әкесінің айтуынша, сағат 13:00 шамасында бала ағасымен бірге достарымен ойнауға аулаға шығып, біраз уақыттан кейін үлкені үйіне жалғыз оралған.

Кәмелетке толмаған баланың жоғалып кеткенін ескере отырып, оны іздеуге Шымкент қаласы полиция департаменті бөлімшелерінің барлық күші жұмылдырылды. Баланың жүрген жерін анықтау үшін оның сыртқы келбетін, киімін және фотосуретін сипаттайтын бағдарлар барлық аудандық полиция басқармаларына жіберіліп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Тәртіп сақшылары көршілерінен сұрап, бейнебақылау камераларын тексерді. Автокөлік экипаждары мен жаяу патрульдер еріктілермен бірге жоғалған бала болуы мүмкін барлық жерлерді тексерді.

Шымкентте жоғалған 4 жасар бала табылып, балалар аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Бүлдіршін ата-анасына аман-есен тапсырылды. Өз кезегінде баланың анасы полицейлерге жан-жақты жедел қызмет атқарғаны үшін алғыс айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button