Шымкентте бір айда есірткі өсімдіктерін егіп-өсірудің 16 дерегі тіркелді
Республика көлемінде үйымдастырылған «ҚАРАСОРА-2023» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасының 1 ай қорытындысымен Шымкент қаласы бойынша полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның 29-ы қылмыс және 32-і қылмыстық теріс қылық болып табылады.
Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты болып табылатын құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру (ҚР ҚК-нің 300-бабы) бойынша жалпы 16 дерек анықталып отыр.
Мәселен, полиция қызметкерлері үй аралық және аула аралық қарау жұмыстарын жүргізу барысында, 112 орамдағы үйінің ауласында 148 түп «сора» өсімдігін өсірген 51 жастағы ер азаматты құрықтады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерімен тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, Қайнарбұлақ саяжайындағы үйінің ауласында 132 түп «сора» өсімдігін өсірген 53 жастағы жергілікті тұрғын құрықталды. Сол секілді, полиция қызметкерлері Сайрам тұрғын алабындағы өз үйінің ауласында 30 түп «сора» есімдігін өсірген 49 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Бүгінде шымкенттік полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Атап өту қажет, «ҚАРАСОРА-2023» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы 31 қазанға дейін жалғасады.
«Есірткіге жол жоқ!» акциясы өтті. Өзара ынтымақтастық негізінде шымкенттік полицейлер мен «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты аймақтық филиалының өкілдері бірлесіп «Есірткіге жол жоқ!» акциясын өткізді.
Оған құқық қорғау қызметі және партия өкілдері, мәслихат депутаты, жастар мен еріктілер жұмылдырылды. Аталған акция аясында қала тұрғындары мен жастарына арнайы ақпараттар жазылған жадынамалар таратты.
Атаулы іс-шараға қатысқан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков есірткі мен нашақорлық бүгінде ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп отырған үлкен мәселенің бірі болып табылатынын, онымен тек барлығымыз бірігіп жұмыс жүргізсек қана нақты нәтижеге қол жеткізе алатынымыз туралы жеткізді.