Шымкент қаласының өрт сөндірушілері өрт кезінде 6 баллон шығарды
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің диспетчерлік қызметінің «101» пультіне сағат 15.24-те Әл-Фараби ауданы Төлеби көшесінде өрт туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнында 150 ш. м. алаңда екі қабатты «Темірлан» тұрмыстық техника дүкенінің шатыры, сондай-ақ 650 ш. м. алаңда жапсарла соғылған қойма жанған. Өрттің жалпы ауданы 800 ш. м. құрады.
Өрт орнынан өрт сөндірушілер 5 газ және 1 оттегі баллонын қауіпсіз жерге шығарды. Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 120 адамы мен 17 техникасы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылды.
Судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету үшін 6 адамнан тұратын қалалық коммуналдық қызметтер және 6 бірлік техника су тасымалдауды қамтамасыз етті. Психологиялық қызмет тобының психолог мамандары халыққа көмек көрсетті.
Өрт сағат 16.45-те оқшауланды, сағат 17.38-де жойылды. Өрттің себебі мен материалдық залалдың мөлшері анықталуда.
Шымкент қ.ТЖД «101» диспетчерлік пультіне сағат 15:45-те Тұран ауданы, Қазыбек би көшесі бойында құрылысы бітпеген тұрғын үйдің шатыры жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына №1 шақырту бойынша күштер мен құралдар жолданды. Оқиға орнында екі қабатты тұрғын үйдің шатыры жанған. Өрт сағат 17.34_те оқшауланды, сағат 18.45_те сөндірілді.
Өртті сөндіруге Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің 47 адам жеке құрамы, 13 техникасы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының бір бригадасы, қалалық коммуналдық қызметтері жұмылдырылды. Өрттің шығу себептері анықталуда.
Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Демалыс күндері Шымкент қаласы ТЖ департаментінің өрт сөндіру бөлімдері 36 рет жану оқиғаларына шықты. Басым көпшілік жағдайда құрғақ шөп пен қоқыстар жанған.
Құрметті қала тұрғындары! Қала аумағында жоғары өрт қауіпті жағдай сақталынуда.
Шымкент қаласы ТЖ департаменті өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді:
– ешқандай жағдайда құрғақ шөпті өртемеңіз;
– саяжай учаскелерінде қоқыс пен қалдықтарды тек арнайы жабдықталған жерлерде жағыңыз;
– желді және қатты ысыған ауа райы кезінде қоқыс жағуға, от жағуға тыйым салынады;
– шымтезек топырақтарында және ағаш ғимараттардың жанында от жағуға болмайды. Есіңізде болсын, от жағу үшін қауіпсіз қашықтық 50 метр болып саналады.
– балаларға сіріңкемен ойнауға, оларға шөпті жағуға жол бермеңіз.