ЖаңалықтарТүркістан облысы

Бар жақсылық балаларға!

Түркістандық меценат Ерлан Нұрмаханов Бәйдібек ауданының аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына “Мектепке жол” акциясы аясында оқу құралдары мен киімдерін сыйға тартты.

Бұл акция жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізіледі. Акция өткізіліп келе жатқан 10 жылдың ішінде бүкіл ел бойынша 2 миллионнан астам бала материалдық көмек алды.

Биыл бұл акцияны Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жергілікті тұрғын Ерлан Нұрмаханов бастады. Ол үнемі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, осындай сый жасауға мұрындық болып жүреді дейді аудан тұрғындары.

“Біздің мақсатымыз – өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасау. Тапқан табысымыз солардың болашағына бағытталуы керек. Ал балалар сабақтарын жақсы оқыса – бізге ең үлкен алғыс сол!”, – дейді Ерлан Нұрмаханов.

Рюкзактар мен қажетті кеңсе тауарларынан (дәптерлер, қаламдар, қарындаштар) және аяқ киімдерден тұратын мектеп жиынтықтары балалардың көңілдерінен шықты және олар өз кезегінде оқу жылын беспен аяқтауға уәде берді.

“Мен Ерлан ағайға үлкен рақмет айтқым келеді! Сабақты өте жақсы оқуға уәде беремін”, – дейді Диас Амантай.

Еске салсақ, биыл 1 тамызда басталған «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Шара өңір тұрғындарын мұқтаж жандарға қолұшын созуға шақырады. Акцияның 15 күнінде облыс бойынша 778 балаға жалпы 19 млн. 309 мың теңгеге демеушілер тарапынан материалдық көмек берілді.

Back to top button