Қала жастары арасында есірткіге наразылық акциялары жалғасын табуда
Қазіргі қоғамдағы бірлесе күресетін дүниелердің бірі – есірткімен күрес. Жыл басынан бері бұл бағытта орталық тарапы мен бірлескен бағытта түрлі іс-шаралар мен акциялар өтіп келеді.
Бүгін осы бағытта, қала жастары арасында “Есірткіге жол жоқ!” акциясы қайта жалғасын тапты.
Акцияға Жастар ресурстық орталығы, “Жастар Рухы” Жастар қанаты, Шымкент қаласының мәслихат депутаты Балабиев Нұрсұлтан Қайратұлы, Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтардың арыз шағымдарымен ішкі қауіпсіздігін бақылау бөлімі мен Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері қатысты.
Есірткімен күрес акциясы Әл-Фараби және Абай аудандары аумағында өтті. Акцияға қатысушылар 50-ден аса есірткімен байланысты заттардың қысқаша атауларын анықтап, оны бояу жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, орталық көше бойлары мен жастар көп шоғырланатын орындарда жадынамалық парақшалар тарқатты.
Бүгінгі күні ғасыр дерті — есірткімен күрес құқық қорғау органдары жұмысының аса маңызды салаларының біріне айналып отыр. Өйткені нашақорлық проблемасы — қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерінің арасындағы ең өткірінің бірі. Есірткінің заңсыз тасымалдануы қоғамның қалыпты дамуына, отбасы үйлесімділігіне барынша зиянын тигізіп, жасөспірімдердің өмірдегі өз жолын таңдауына, ұрпақ тәрбиесіндегі кейбір түйінді мәселелерді дұрыс шешуге кедергі келтіруде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында есірткі қылмыстарымен күресу тәжірибесі болмағандықтан, бұл қылмысқа тосқауыл қоюдың нәтижесі төмен болып келген болатын, ал қазіргі уақытта осындай қылмыстардың алдын алу мен жолын кесуде құқық қорғау органдары айтарлықтай тәжірибе жинақтады.
Уәкілетті органдардың есірткімен күресте бірлесіп жүргізген кешенді жұмыстарының нәтижесінде есірткі тасымалдау арналарына тосқауыл қойылып, оны таратушыларға қарсы күрес күшейтілді, сөйтіп, бұл саладағы бірқатар қылмыстардың беті ашылды.