Шымкент қаласы бойынша білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қатаң бақылауға алынған
Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік негіздегі 150-мектеп, 10-колледж, 71-балабақша бар. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері және «SOS» дабыл батырмалары толығымен орнатылған. Орнатылған бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары Шымкент қаласының Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» интеграцияланған.
Одан бөлек қаладағы барлық мектептерге өткізу жүйесі (турникет) 100% орнатылып, I-дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін 100% келісім-шарт түзілген.
Қала аумағында жалпы жеке меншіктегі 111-мектеп, 17-колледж, 533-бала бақша тіркелген. Жекеменшік білім беру ұйымдарында ҚР білім және ғылым министрлігінің 30.03.2022 жылғы № 117 бұйрығында көрсетілген талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері орнатылған. Алайда орнатылған бейнебақылау жүйелері 54-мектеп, 3-колледж, 8-балабақшада ғана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Қалған жекеменшіктегі ұйымдарға аталған бағытта ескерту хаттар жолданып, түсіндіру жұмыстары бірнеше рет жүргізілген.
Арнайы бекітілген полиция қызметкерлері оқушылардың сабаққа қауіпсіз келіп кетуін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі ауысым кезінде мектептердің алдында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқаруда.
2022-2023 оқу жылында мектеп ішінде және мектепке жататын аумақта оқушылармен және оқушыларға қатысты қылмыс орын алмаған.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер өткізіп, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың заңды жауапкершіліктерін және қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде және бөгде адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болатын және бақылаусыз көшеде жүретін балаларды анықтау бойынша түнгі профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.