Елорда маңындағы елдімекендерді су басу қаупі сейілді

Бұған дейін су басу ықтималдығы сақталған 37 аумақтың бәрінде қауіп сейілді. Бұл туралы елордада су тасқыны жағдайы бойынша есеп берген қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды BasNews.kz.
«Астана су қоймасын алар болсақ, оның су қоры 75 пайызды құрап отыр. Әуежайдың жанындағы Майбалық көліндегі су қорын қазіргі таңда 18 млн текше метрге азайттық. Демек қардан еріген суды Майбалық көлі қабылдауға қауқарлы. Майбалық көлінен Нұра-Есіл арнасына дейін түсетін су қашыртқы бар. Онда басынан бастап соңына дейін қар тазалау жұмысы аяқталды. Бүгінгі таңда ол арнаның да су өткізу қауқары 100 пайыз дайын», – деді Бауыржан Сыздықов елорда әкімдігінің баспасөз орталығындағы онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында.
Департамент бастығының айтуына қарағанда қалада бұған дейін су басу қаупі бар 37 аумақ болған.
«Осы аумақтардың бәрінде су басу қаупі сейілді деп айтуға болады. Бүгінгі таңда азаматтық қорғау жүйесіндегі қызметтер су басу қаупінің сейілуіне қарамастан әлде де жұмыстарды жалғастыруда. Шананы жазда, арбаны қыста дайында демекші қыс алдында жүргізілген және қыста қар тазалау жұмыстарының арқасында қазір қалада ешқандай қауіп-қатер жоқ», – деді ол.
Сондай-ақ ол Есіл өзенінің сағасын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Есіл өзенінің сағасын кеңейту жұмыстары атқарылуы тиіс. Ол жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көктем бітіп, жаз келгенде де ол жұмыс тоқтамайды. Су тасқынына дейін өзен сағасы 100 метрге дейін кеңейтілді», – деді Бауыржан Сыздықов.
Қазір Есіл өзенінде судың арнасынан асатындай қауіп жоқ, дейді департамент басшысы.
«Себебі бізге гидрологиялық болжам әр апта сайын беріледі. Мәселен 4 сәуірдегі болжамға қарайтын болсақ, Астана су қоймасына 160 млн және 240 млн текше метр арасында судың келетіні болжанған. Ал 6 сәуірден бастап бүгінге дейін 83 млн текше метр су келді. Астана су қоймасының жобалық сыйымдылығы 410 млн текше метр болса, қазір қойма 309 млн текше метрге толып тұр. Демек онда әлі де су қабылдау қауқары баршылық. Яғни судың келген көлемін қабылдап, өзендегі су деңгейінің көтерілуіне жол бермеуге мүмкіндігіміз бар», – деді ол.



